Қоғам • Бүгін, 08:35

Аға буын тағы да алға шықты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарттар күніне орай «Ауыл» партиясының Қарағанды облысы бойын­ша өңірлік филиалы «Жасанды интеллект жасқа қара­майды» тақырыбында жастар мен ардагерлердің кездесуін ұйымдастырды.

Аға буын тағы да алға шықты

Жиынға келген қарттарға «OpenAI» компаниясы әзірлеген, жасанды интеллектіге негіздел­ген, сұрақтарға нақты әрі мазмұн­ды жауап беретін ақылды чат-бот – ChatGPT таныстырылды. Көпшілік бұл «ақылды» бағ­дар­ламаны қызығушылықпен қабылдап, өздерінің ұялы телефондарында қолданып көрді. Қосымша арқылы сұрақ қойып, нақты әрі мазмұнды жауап алған ақсақалдар ризашылықтарын жеткізіп, жаңа технологияның артықшылықтарына көз жеткізіп, таң­даныстарын білдірді.

Жастар ChatGPT, Google Gemini, Copilot секілді жасанды интеллект платформаларының мәні мен мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндап, ардагерлерге оны күнделікті өмірде қалай қолдануға болатыны жөнінде нақты мысалдар келтірді. Жасан­ды интеллектінің қоғамға әкелетін пайдасы, тиімділігі мен ықтимал тәуекелдері, қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңінен әңгімеледі. Жаңа технология туралы ұғы­нық­ты түрде әрі қолжетімді фор­­матта ақпарат берді. Олар­дың ауыл тұрғындарына қандай пай­да әкеле алатынын түсіндірді. Жа­санды интеллектіге негізделген жүйелердің көмегімен ардагер­лер күнделікті өмірде қа­жетті ақ­­­п­а­ратты жылдам табу, ме­ди­ци­­­налық кеңес алу, әлеуметтік қыз­­­­меттерге қол жеткізу секілді ба­ғыт­­тар бо­йынша нақты мәлімет алды.

Жиынға қатысқан ардагер, қаламгер Аңғар Смағұл қарттар­ды қадірлеп, жаңа технологияны меңгеруге жол ашқан іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.

– Біз қарт адамдар жаңа технология мүмкіндіктерін үй­ренудің жолын білмей қиналатын кездеріміз болады. Бүгінгі кездесуде жастар соның тиімді әрі төте жолын нұсқады. Ақылды ақсақалдан ғана емес, жас­тардан сұрайтын уақыт келді. Президентіміздің биылғы Жолдауында негізгі тақырып болған жасанды интеллектінің қаншалықты маңызды екенін жастарымыз бір ғана кездесудің аясында нақты тәжірибеде түсін­діріп берді, – дейді ардагер журналист.

«Ауыл» партиясы Қарағанды облысы бойынша өңірлік фи­лиалының төрағасы Руслан Ника­нович ақылды жүйенің ауылды тек «тұрмыстық кеңіс­тік» емес, технологиялық мүмкіндіктер кеңістігіне айналдырады дейді.

«Жасанды интеллект ауыл өмі­рін жеңілдетіп, сапасын арттыруда, атап айтқанда ауыл ша­руашылығында – егістік алқап­тардың жағдайын мониторингтеу, малдың жай-күйін бақылау, ауа райын болжау, өнімділік деңгейін арттыруда, сонымен қатар білім беруде, денсаулық сақтау саласында, кәсіпкерлік пен саудада нақты үлес қоса алады. Технологиялық даму адам өмірінің барлық саласына әсер етеді. Ал ауылды дамытпай, елімізді жаңғырту мүмкін емес. Сол себепті, «Ауыл» партиясы бұл мәселеге ерекше ден қойып отыр. Мақсат – ауыл тұрғындарын жаңа заманның тілімен сөйлету, цифрлық сауаттылықты арттыру және технологияны күнделікті өмірде қолдануға бейімдеу, ауыл­ды ақпараттық қоғам көшінен қалдырмау», дейді партияның өңірдегі жетекшісі.

Осы жиын интеллектуалды қондырғының көмегін тек жастар ғана емес, ардагерлер де ала алатынын дәлелдеді.

 

Қарағанды облысы