Қоғам • Бүгін, 11:34

Депутат бизнеске бөлінген қаржының тиімділігіне күмән келтірді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, кәсіпкерлікті қолдау жүйесіндегі кемшіліктерді атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Депутат бизнеске бөлінген қаржының тиімділігіне күмән келтірді

Депутаттың айтуынша, бөлінген мемлекеттік гранттар мен субсидиялардың тиімділігі төмен болып, есептілік пен бақылау тетіктері әлсіз күйінде қалып отыр.

Депутат өз сауалында Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында: «Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмысының бәрін басынан бастап реттеу керек... ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн» деп нақты тапсырма берген еді. Алайда, кәсіпкерлік саласында әлі де ілкімді істер көрінбей отыр.

«Әлем елдерінің тәжірибесінде шағын және орта бизнеске қолдау нақты нәтижеге, есептілік пен тиімділікке негізделген. Мәселен, Оңтүстік Кореяда гранттармен қатар менторлық және нарыққа шығуға қолдау жүйесі дамыған, Германияда гранттан кейін тәуелсіз бағалау жүргізіледі, Ұлыбританияда қаржы кезең-кезеңімен, нәтижеге қарай беріледі.

Президенттің биылғы Жолдауында да кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеру үшін жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, бизнес-процестерді цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл – мемлекеттік қолдау тиімділігін арттырып, ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды құрал», дейді Жарқынбек Амантайұлы. 

Қазақстанда соңғы жылдары қайтарымсыз гранттар мен субсидиялар енгізілгенімен, олардың тиімділігі алаңдатады. Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы есебіне сәйкес, бөлінген 1,8 млрд теңгенің 40 пайызы бойынша есеп берілмеген, ал 700 млн теңгенің жұмсалуы күмәнді.

2024 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 12,7 млрд теңге грант берілді, бірақ алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығына қаржы жұмсаса да, нарықтағы ет пен сүт бағасы қымбаттап тұр. Бұған қоса, 2022 жылы грант алғандардың 50 пайыздан астамы кәсіпкерлікті тоқтатқан, ал декларация тапсырғандар – небәрі 16,6 пайыз. 2023 жылы да жағдай қайталанып, 9,1 мың адамның 32 пайызы көп ұзамай бастаған кәсібін тоқтатқан.

Депутаттың айтуынша, «Бизнестің жол картасы» аясында бөлінген 1,4 млрд теңгенің 30 пайызы жұмыс істемейтін кәсіпорындарға кеткен. 2023 жылы 2,3 млрд теңге күмәнді жобаларға жұмсалған. Бұл – мониторинг пен жауапкершілік әлсіз екенін айғақтайды.

Нәтижесінде, бюджет қаражаты ұзақмерзімді тиімділікке жеткізбей, кәсіпкерлік қолдауға деген қоғамдық сенім төмендеуде. Шынайы бизнес-идеясы бар азаматтар тыс қалып, әділеттілік қағидаты бұзылып отыр.

Мұндай жүйелі кемшілікті назардан тыс қалдыру – экономикалық саясаттың пәрменділігіне тікелей нұқсан келтіреді.

Осыған байланысты, депутат төмендегі үш өзекті сұрақ бойынша нақты және ресми жауап керек екенін атап өтті: 

  1. Есеп бермеген немесе күмән тудырған жобалар бойынша нақты шаралар қабылдау керек.
  2. Болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін жүйелі реформалар жүргізіп, бақылау тетіктері енгізу маңызды.
  3. Бизнес жобаларға бөлінетін қаржының тиімділігі мен нәтижелілігі бағалап, мемлекеттен қаржы алған кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстарын тиімді жүргізу керек.