Президент • Бүгін, 14:06

Қ. Тоқаев жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Қ. Тоқаев жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды

Фото: Ақорда

«Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Осындай жаңа оқу орны бізге не үшін қажет деген сауал да туындауы мүмкін. Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі жаһандық білім және технология нарығында бәсеке өте жоғары. Дарынды жастарымыз әлемдік деңгейдегі сапалы білімді тек шетелден емес, өз елімізден де алғаны дұрыс. Бұл – Қазақстанның болашағына тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажет деп санайды.

«Дербес оқыту – революциялық мүмкіндік. Әдеттегі «Барлығына бір бағдарлама» моделі заман талабына сай келмейді. Әр оқушының өзіне тән ерекшелігі бар. Бірі математикаға жүйрік болса да, тіл үйренген кезде қиналады. Енді бірі гуманитарлық пәндерге жетік болса, бірі физикаға шорқақ. Жасанды интеллект арқылы осы олқылықты жоюға болады. ЖИ негізінде құрылған білім жүйесінде әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес жеке оқыту бағдарламасын әзірлей аламыз. Соның нәтижесінде жастардың әлеуеті мен оқуға ынтасы артады. Халықаралық тәжірибеде мұндай сәтті мысалдар жеткілікті. Мәселен, АҚШ-та DreamBox және Knewton сияқты білім беру платформалары математика курсын әр оқушыға бейімдеп оқытады. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні тіл үйрену үшін қолданады. Қазақстанда да мұндай тәсілге жүгінудің айрықша маңызы бар. Әсіресе, көпэтносты ел ретінде біз тілдік, мәдени немесе жалпы білім деңгейі әртүрлі балалардың бәріне тең жағдай жасауды ойлауымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент оқушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруды тағы бір маңызды басымдық ретінде атады.

«Онда әр баланың оқу үлгерімі, мықты қырлары мен жетістіктері тіркеледі. Ал бұл, өз кезегінде, университет бағдарламасын оңтайландырып, жоғары оқу орнын мерзімінен бұрын тәмамдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жасанды интеллект цифрлық профиль негізінде кәсіптік бағдар жүйесін жасақтайды. Оқушыларға қарым-қабілетіне сай даму жолдары, курстар мен жобаларды таңдау еркіндігі ұсынылуы керек. Бұл болашақ инженерлерді, зерттеушілерді, дәрігерлерді, мұғалімдер мен кәсіпкерлерді алдын ала анықтауға жол ашады. Осылайша, әрбір адам өз қабілетін пайдаланып, өмірден лайықты орнын табады. Үкіметке жаңа ЖИ университетімен интеграцияланған оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Президент мұғалімдер көп уақытын жұмсайтын күнделікті күйбең шаруаны жасанды интеллект арқылы автоматтандырудың маңызына назар аударды.

«Алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, жауаптарды тексеріп, олармен жылдам кері байланыс орната алады. Мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсе әрдайым есте болуға тиіс: мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды. Сондықтан мұғалім мен оқушы арасындағы адами қарым-қатынас білім беру үдерісінің өзегі болып қалуға тиіс. Біздің мақсатымыз – педагогтерді басы артық жұмыстан босату, өз миссиясын алаңсыз атқаруына жағдай жасау. Үкімет жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізген кезде осы қағиданы ескеруі керек», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды»

Президент білім алу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды міндет екеніне мән берді.

«Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе, бұл шағын жинақты мектептерге қатысты мәселе. ЖИ технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте маңызды. Біздің мақсатымыз – шын мәнінде инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың негізгі алғышарттарының бірі»,  деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллект білімді дамытуға және таратуға оң ықпал етеді. Жаңа технологияларды жетік меңгерсек те, өз болмысымызды, яғни төл мәдениетімізді, құндылықтарымызды сақтап қалуға тиіспіз.

Заманауи үрдістердің пайдасы мен зиянын ажырата білуіміз қажет. Ұлт дүниетанымына жат нәрселердің білім жүйесіне енуіне жол бермеуіміз керек. Түптеп келгенде, жасанды интеллект ел мүддесіне қызмет еткені дұрыс.

«Бұл – озық технологиялардың ықпалы руханиятымызға, тарихи мұраларымыз бен бірегей мәдениетімізге ешқандай кеселін немесе зиянын тигізбеуі керек деген сөз. Оқушыларға берілетін білімнің мазмұны және оның сапасы дұрыс болуы керек. Ең жақсы алгоритмнің өзі қате немесе жеңіл-желпі материал әзірлеп беруі мүмкін. Қайталап айтамын, жасанды интеллектіні білім беру ісінде көмек құралы ретінде қолдануға болады. Алайда білімнің сапасына және тәрбиелік мағынасына машина емес, адам жауапты болуға тиіс. Оқу материалының мемлекеттік стандартқа сәйкес болуын, оның ғылыми және мәдени талаптарға сай келуін мұғалім қадағалап отыруы керек. Ұстаз сапалы білімнің басты кепілі болып қала береді. Сондықтан Үкімет мемлекеттік стандартқа сәйкес сапалы контент жасауға мүмкіндік беретін ұлттық білім беру платформасын әзірлеуі қажет. Осы тұста бір мәселені арнайы атап өткім келеді: біз жасанды интеллект саласында ең алдымен өз елімізден шыққан өнімдерді пайдалануымыз керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті

«Ең алдымен, бұл жерде жасанды интеллектіні теріс пиғылда пайдалану секілді этикалық мәселелер сөз болып отыр. Нейрожелі берген жауапқа сеніп, оқушылар сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. ЖИ білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан Үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет», деді Президент.

Президент еңбек нарығы күн өткен сайын өзгеріп жатқанын атап өтті.

«Көптеген кәсіп иелерінің жұмысын енді автоматты жүйе атқаратын болады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандықтың ескіруіне, яғни көптеген адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады. Жұмыссыздық белең алып, тұрмыс сапасы төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшеюі мүмкін. Бірақ бұл жерде де жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады. Мәселен, ақылды технологиялар қызметкерлердің мықты не әлсіз тұстарын айқындап, кәсіби шеберлігін дамыту үшін нақты ұсыныстар бере алады. Мамандарды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға кең мүмкіндік жасап, күні бұрын әрекет етуге тиіспіз. Бұл ретте тым үлкен қайта даярлау орталықтарын құруға бюджеттен миллиондаған қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Жасанды интеллектінің әлеуетін сауатты қолдана білген жөн. Біздің міндетіміз – жұмыссыз қалудың алдында тұрған миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беру. Басқаша айтсақ, жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін жаңа жұмыс орындарын ашуға, адам капиталын күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға пайдалану керек. Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырамын. Сол арқылы жұмыссыз қалған мамандарды болашақта сұранысқа ие болатын кәсіпке бейімдеу қажет», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, біздің цифрлық стратегиямызда ұлт мүддесі басты орында тұратынын жеткізді.

«Шын мәнінде, негізгі мәселе жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. Үкімет бүгін айтылған ұсыныстың бәрін мұқият қарастырады. Сөз соңында бір мәселені атап өткім келеді. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан Кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын», деді Мемлекет басшысы.

Кеңес отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, БАӘ Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Олама, Sinnovation Ventures және 01ai негізін қалаушы Ли Кай Фу, Cambrian Futures компаниясының бас директоры Олаф Дж. Грот, Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры Прадип Кхосла, Тьюринг атындағы сыйлықтың лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «ЖИ игілік үшін» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Эбтесам Әл-Мазруи, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин және Oxford Insights компаниясының бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.