
1957 жылы Андоррада құрылған PGI тау шаңғысы курорттарын стратегиялық дамытуға, маркетинг жүргізуге, жобаларды толық басқаруға және кеңес беруге маманданған. Осы уақыт ішінде компания жиырмадан астам елде 120-дан астам курортты, соның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін демалыс аймақтарын жүзеге асыруға атсалысқан.
PGI-дің тау шаңғысы инфрақұрылымын жобалау және басқару саласындағы халықаралық сараптамасы жобалардың толық өмірлік циклін қамтиды. Компания Франция, Испания, Андорра сияқты елдерде ең қатаң экологиялық стандарттарды сақтай отырып табысты жобалар іске асырған. Енді сол тәжірибені Қазақстанда қолдануды көздеп отыр.
Almaty Superski жобасы Алматы тау кластерінің (АТК) негізгі бөлігі әрі өңір туризмінің басты драйвері ретінде қарастырылуда. Жоба аясында шамамен 5 мың жаңа жұмыс орны құрылса, жалпы тау кластері бойынша бұл көрсеткіш 10 мыңнан асады деп күтілуде. Сонымен бірге салық түсімдері ұлғайып, туристік ағым артады, ал Алматының халықаралық деңгейде жыл бойғы белсенді демалыс орталығы ретіндегі имиджі нығаяды.
PGI-дің міндеттеріне жобалау-іздестіру жұмыстарын үйлестіру кіреді. Бұл ретте компания үздік халықаралық тәжірибелер мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік талаптарының орындалуын қатаң қадағалайды. Жоспарлау барысында аумақты барынша тиімді пайдалану көзделіп, тек тау шаңғысы, жаяу серуендеу, тау велосипеді сияқты белсенді туризм бағыттарына қажетті инфрақұрылым қарастырылады.