Білім • Бүгін, 20:22

Мұхтар Талқанбаев: Әрбір ұстаздың еңбегін мойындау – үлкен мәртебе

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған Дарын лицей-интернаты математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаев Астанада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді, деп жазады Egemen.kz.

Мұхтар Талқанбаев: Әрбір ұстаздың еңбегін мойындау – үлкен мәртебе

– Әрбір ұстаздың еңбегін мойындау – үлкен мәртебе. Биыл тек мектеп мұғалімдері ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің ұстаздары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен педагогика ардагерлері де марапатталды. Бұл – білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі ұстаздарға жасалған құрмет, – деді Мұхтар Талқанбаев.

Ол Жамбыл облысында соңғы жылдары білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Өңірде мектеп құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазірдің өзінде 41 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 19 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде 3 жайлы мектеп ашылды, сонымен қатар 66 мектепті жаңарту басталды. Бұл үш ауысымды оқуды жоюға және балалардың сапалы білім алуына зор мүмкіндік береді, – деді ол.

Сонымен қатар педагог жаңа бастамалардың оқушылардың әлеуетін арттыруға ықпал етіп отырғанын айтты.

– Балалардың цифрлық сауаттылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. IT-сыныптар, робототехника кабинеттері ашылып, ауыл мектептері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Соның арқасында оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл – жас ұрпаққа жасалған нақты инвестиция, – деді Талқанбаев.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау ұстаздарды жаңа жетістіктерге жетелейді. Педагог еңбегін бағалау – ұлт болашағына жасалған ең басты қадам.