Білім • Бүгін, 18:12

Мерекесі кезінде мұғалімдер жалақысыз жүр

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде 8 мыңнан аса мектепте 4 миллион оқушы білім алып жатыр. Соның 700-ден көбі – жеке, онда 250 мың бала оқып жүр. Орта білім ұйымдарын жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілгелі кәсіпкерлер оқу ошақтарын көптеп ашуға бет бұрған. Бірақ былтыр олар мемлекеттен берілуге тиіс субсидия қаражатын уақытылы ала алмай біраз қиналған-ды. Биыл тағы осы мәселе тағы ушықты, деп жазады Egemen.kz.

Мерекесі кезінде мұғалімдер жалақысыз жүр

Осыған орай республикамыздың әр өңірінен жиналған жекеменшік мектептердің құрылтайшылары, иелері Оқу-ағарту министріне арнайы келіп, шағымын айтты. Олардың сөзіне сүйенсек, облыстағы қаржы бөлімдерінің өкілдері алдағы қазан, қараша айларына ақша болмайтынын айтқан. Ал мұғалімдер қазан айы басталғанымен, қыркүйек айының жалақысын жарытып ала алмай отыр. Кейбір кәсіпкерлер кредит алып, барын сатып, өз қалтасынан жартылай төлеген, кейбірі мүлдем батпақтап отыр. Солардың бірі Түркістан облысы Арыс қаласынан ат арытып жеткен жеке мектеп құрылтайшысы Төлеген Ғұрманов облыс деңгейінде түйткілдің түйіні тарқатылмағандықтан, осында тығырықтан шығар жол іздеп жүр.

«Біз облыста біраз есікті қағып көрдік. Олар бізге Астана шешеді деген соң келдік. Жауаптылар бізге қыркүйекте ақша болмайтынын алдын ала ескертсе, біз жұмысты бастамас едік. Мысалы, қазір менде 30 қызметкер жұмыс істейді, олардың бәріне айлықты қалай төлеймін, бәрі маған қарап отыр. Негізі құжат жүзінде бәрі жақсы, сондағы келісім бойынша әр айдың 15-нде қатысу табелін өткіземіз, бала санына байланысты ақша аударуға тиіс. Естуімізше, біздің облыста қаржы бар, бірақ соны ала алмай отырмыз, өңірдегілер «Қаржы» орталығына қажетті құжатты, тізімді әлі тапсырмаған, бұған ақша мәселесін шеше алмай отырған облыстардың кесірі тиіп жатқан көрінеді. Қысқасы, жан-жаққа мойын бұрып, нақты шешім таба алмай, екі ортада біз қиналып тұрмыз», дейді Т.Ғұрманов.

Министрдің бір жауабын күтіп тұрған 30-дай жекеменшік мектеп өкілі жағдайын өзара талқылап отыр. Әңгімесін тыңдасаңыз, біреуі өткен айдың соңында 70 адам өзін жиналысқа салып жалақы сұрағанын, екіншісі мектеп жабыла ма деген күмәнде екенін, тағы бірі мемлекетке мектептердегі орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын арттыруға көмектесіп бастағанына өкінгенін айтып жатты.

Иә, шын мәнінде жекеменшік мектептердің ашылуына Үкіметтің өзі де мүдделі. Себебі елімізде әлі күнге дейін апатты, үш ауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл оқу ошақтарындағы орын тапшылығын тудырады. Жыл сайын жаңа білім ұялары есігін ашып жатса да туу көрсеткішіне байланысты түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылмай тұр. Сол себепті де мемлекет кәсіпкерлерді орта білім саласын дамытуға шақырып, мектептер салуға, ашуға субсидия бөлді. Негізі мұндай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеу тәжірибесі мектепке дейінгі білім саласында жақсы нәтиже берген, қазір жеке ұйымдардың көмегімен 3-6 жастағы балалар балабақшамен толық қамтылып отыр. Бірақ сол жүйе дәл мектептерге келгенде сәтті іске асырылмай келеді. Мұның себебін Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебековадан сұрап көрдік.

«Бұл – бірнеше жылдан бері қордаланған, күрделі сұрақ. Министр өз қызметіне апта басында ғана кірісті, біз бірден осы жайттан хабардар еттік, ол өз кезегінде жағдайды Үкіметпен бірлесе реттеуге әрекет жасап жатыр. Мәселе шешіледі, заң бізге әртүрлі қаржы көзінен ақшаны алуға мүмкіндік береді. Осы уақытта дәл қай жақтан қаражат тарту қарастырылып жатыр. Бұл жерде мына нәрсені түсінуіміз керек, әр облыс әрекет әртүрлі жүреді. Өйткені әр өңірде бюджет әлеуеті әртүрлі. Дәл қазір нақты уақытын айта алмаймын, бір өңір ақшаны бүгін таптық десе, мәселе сол сәтте-ақ шешіледі. «Қаржы» орталығы негізінен бір оқу жылына ақша бөледі. Орталық заңнама бойынша тізімді қаржы толық оқу жылына қарастырылған кезде ғана дайындай алады. Егер облыс 1-2 айдың қаражатын тауып, қалғанын таба алмаса, республикалық бюджеттен қарастырамыз. Сондықтан барлық өңірде мәселе шешіліп, 1 оқу жылына қаражат табылып беткен кезде тізбе бекітіледі. Негізі біз «Білім туралы» заңға сәйкес 2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру ісін жергілікті атқарушы органдар құзырына өткіздік. Сол себепті жеке мектептерді қаржыландыру жүйесін жеке балабақшалардағыдай жолға қоюға тиіс, яғни ендігі бұған жерде әкімдіктер жауапты», деп түсіндірді вице-министр.