
Биыл ұстаздар күні мерекесі маңғыстаулықтарға жағымды жаңалықпен басталды. Маңғыстаулықтар кеңінен танитын азамат, белгілі ұстаз Қуантқан Ванов Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.
1974 жылы Гурьев педагогикалық институтын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітірген маман 1974 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықта Маңғыстау облысындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ берді.
Оның математика сабағында қолдану үшін ойлап тапқан «Демонстрациялық тақта», «Бесаспап циркуль» атты құралдары 1990 жылы Бүкілодақтық өнертапқыштар конкурсының Құрмет грамотасына ие болды. Ол математиканы оқытуда қолданылатын донецкілік педагог В.Шаталов әдістемесін зерделеумен айналысып, оны жетілдіру арқылы «Өзгермелі сүйеніш жазба», «Бағалаудың екілік жүйесі» сияқты өзіндік әдістемесін ойлап шығарды. 1988–1990 жылдары Маңғыстау облысында оның математиканы оқыту әдістемесі бойынша құрылған озат тәжірибе мектебі жұмыс істеп, озат ұстаздың тәжірибесі Ақтөбеде өткен ұстаздар слетінде қолдау тапты. Сондай-ақ Павлодар облысында өткен республикалық педагогикалық оқуда жүлдегер атанды.
Тәжірибелі мұғалім егемен еліміздегі орта мектептің алғашқы математика оқулықтарының авторы. Оның «Математика-5» оқулығының алғашқы басылымы 1993 жылы, «Математика-6» оқулығы 1994 жылы жарық көрді. Бұл оқулықтар 1993 жылдан 2000 жылға дейін республика мектептерінде және кейбір шетелдегі қазақ мектептерінде қолданылды. Ал 1985–2000 жылдары Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тұрақты лекторы болып, республикамыздың бірнеше облысында өзінің тәжірибесі мен оқулықтары бойынша арнаулы курс өткізді.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, математиканың майын ішкен Қуантқан Рзаұлы кейінгі кезде дыбыстану саласымен, әліпби түзу мәселелерімен айналысып жүр. Бұл орайдағы еңбектері мерзімді баспасөз бен бірнеше республикалық, халықаралық конференциялар жинағында жарық көрген. Жақында оның тілге қатысты еңбектері «Емлеміздегі қайшылықтар және фонетикалық әліпбидің артықшылығы» деген атаумен жеке кітап болып шықты.
Тағы бір айрықша өнері – сазгер әрі әнші. Баянның құлағында ойнап, алуан әнді шырқайтын Қуантқан Рзаұлының балалар мен үлкендерге арналған көптеген әні бар. Маңғыстау облысының бірнеше мектебі оның «Біз – жас ұлан», «Қайнары білімнің» әндерін мектеп әнұраны ретінде пайдаланып жүрсе, «Жас ұландар жыры» облыс жас ұландарының, ал «Ұстаздар әні» облыс ұстаздарының гимні болып саналады. Оның әндері бойынша Маңғыстау облысында екі рет арнайы шығармашылық кеш өткізілсе, «Ән лебіз» деген атпен 30 шақты жеке туындылары топтастырылған ән жинағы жарық көрді.
Бүгінде Маңғыстау облысының бірнеше мектебінде Қ.Ванов атындағы кабинет ашылып, Мұнайлы ауданында біраз жылдан бері оның атындағы оқушылар олимпиадасы өтіп келеді. Ал Түпқараған ауданында Қ.Ванов атындағы мұғалімдер олимпиадасы өткізіледі.
«Адам жұмысты марапат үшін істемейді, бірақ еңбегің үшін марапат алып жатсаң, ол көңіліңді көтереді, жаңа жұмысқа шабыттандырады, берілген атаққа сай болғың келеді. Бұрын жасаған азғантай еңбегімізді ұмытпай елеп-ескеріп, жоғары марапат берген ел басшылығына ырзалығым шексіз, рахмет айтамын!», дейді ұлағатты ұстаз ағынан ақтарылып.
Маңғыстау облысы