Ұстаз • Бүгін, 08:35

Мәртебелі марапат иесі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана қарағандылық ұстаз Татьяна Сергеевнаның ұзақ жылғы еңбегі еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып, мерейі тасыды. Ұлты – украин, бірақ жаны да, жүрегі де «қазақ» деп соғады. Отыз бес жыл болды, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі шәкірттерінің санасына сәуле құйып жүр.

Мәртебелі марапат иесі

Татьяна Сергеевнаның тілі қазақша шығыпты. Содан өзі де қазақ мектебінде оқуды армандайды. Қызылорда қаласындағы №179 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, мектебінің «жұлдызына» айналып шыға келеді. Оқу үлгерімі бойынша да үздік, қоғамдық іс-шараларға да белсенді болады. Қаршадайынан қазақ тілін сүйген ол өлең-жырға құмартып өседі. Кітап оқу сүйікті ісіне айналады. Осылайша, мектепте жүріп-ақ мұғалім болуды өмірлік мақсаты етеді. Әсіресе сүйікті ұстаздары – бас­тауыш сынып мұғалімі Бағым­гүл Үсенғалиева мен қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Малика Асамұратова осы бір мәр­тебелі мамандықты таңдауға үлкен үлесін қосып, жол көрсетіп­ті.

Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университеті, соның ішінде филология факультетінде мықты мамандар шоғырланғаны, жалпы дәуірлеп тұрғаны жер-жерге тарайды. Мұны естіп алған жап-жас Татьяна қалайда осы оқу ор­нының студенті атануды ойлап, барын салады. Қызылордадан арман қуып Қарағандыға келген Татьяна Сергеевна осылайша, оқуға түсіп, есіміне сырттай қанық болып өскен елге белгілі ғалым-ұстаздардан тәлім алады.

Университет ұстаздары да жалындап тұрған украин қызының қазақ тіліне деген махаббатын, құрметін бірден сезініп, ықыласпен қабылдайды. Сол бір сәулелі сәттерін ұлағатты ұстаз былай есіне алады:

«Қарағандыға  келгенімде  үлкен қорқыныш болды. Бірақ ұстаз болу деген ұлы арманым соның бәрін жеңе білді. Университет оқытушылары алғашында аң-таң болғаны бар. Кәдімгі қазақ қыздарынан кем сөйлемейтінімді көріп, қолдау көрсетті. Әсіресе қазақ тілі грамматикасынан сабақ берген Шапағат Жалмаханов әкемдей қамқорлық көрсетті. Ол кезде факультет деканының орынбасары еді. Сабақ беру методикасы, тіл стилистикасы, грамматикасы, тіл мәдениеті салалары бойынша сауатымызды ашты. Әр дәрісінде тәптіштеп түсіндіретін еді. Сол оқығанымыздың барлығы ұстаздық жолымызда кәдеге жарап келеді. Сөйтіп, сүйікті универ­ситетімізден тек мұғалім ғана емес, қазақ тілінің жанашыры әрі зерттеушісі болып шықтық», дейді Татьяна.

Талапты Татьянаның Қараған­дыға келген қадамы құт болып, Құдайберген әулетіне келін болады. Өмірлік жолдасы Сәбитпен жолығып, шаңырақ құрады. Қазір әулетінде өнегелі келін, аяулы жар, ардақты ана.

Университетті үздік бітірген жас маманды әрі жас ғалымды кез келген мектеп құшақ жая қарсы алады емес пе? Осылайша, еңбек жолын Қарағандыдағы №47 мектепте бастаған ол Абай ауданындағы №10 мектеп-гимназиясында, №14 мектеп-лицейінде шәкірттеріне білім береді. Одан соң өмірінің бір бөлшегіндей болған ғылым саласына да ойысуды ойластырып, Әділет министр­лігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтында еңбек жолын жалғастырады.

Қазір Қарағандыдағы «Әділет» болашақ мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, сабақ беріп жүр. Онымен қоса, аталған мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары. Ғылымға баулыған шәкірт­терінің алды беделді ұстазға айналып үлгерген.

Қазір де қазақ тілінің мәрте­бесін көтеруде де ауқымды жұмыс­ атқарып жүр. Ғылым мен білімді қатар ұштастырып жүрген ұлағатты ұстаздың ұстанымы да ұлы: Ана тілге құрмет – Алашқа құрмет!

 

Қарағанды облысы