Еңбек • Бүгін, 08:40

Кеншілер әулеті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды өңірінде тау-кен саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған әулеттер аз емес. Өңірге адал еңбегімен атағы жайылған Абсатовтар әулеті – солардың бірі. Ағайындылардың жалпы еңбек өтілі 300 жылға жуықтайды.

Кеншілер әулеті

Шахтинск қаласының ір­гесіндегі «Qarmet» компания­сына қарасты «Қазақстан» шахтасы бұл отбасының екінші шаңырағы іспетті. Әулеттің шахтадағы дәуірі даңқты кенші Сембі Абсатовтың «Долинская» шахтасына жұмысқа орналасуымен бас­талады. Сембі кейін өзінің бауырларын да қасына жұмысқа тартады. Бүгінде кеншілер әулетінің үшінші буыны да абыройлы мамандықты мирас етіп, аталарының дәстүрлі жолын жарастықты жалғап келеді.

«Отбасымызда сегіз ағайын­дымыз. Әкеміз Абсат өмірден ерте өтті. Анамыз бізді жалғыз өзі өсіріп-тәр­биеледі. Шахтаға ең бірінші болып ағаларымыз Сембі, одан кейін Сембек пен Кеңес жұмысқа орналасады. Кеңес аға «Қазақстан» кенішінде рельсті тасымалдау бөлімінің электровоз машинисі болып 53 жылдан астам еңбек етті. Сембі шахтаның рельсті тасымалдау бөлімінің жерасты оқпаншысы болып 48 жылдан астам уақыт шахтада жұмыс істеді. Менің де еңбек өтілім 40 жылға жуықтады. Бұл біздің отбасылық мамандық десе де болады. Әйелім Сәуле де, бауырларым мен келіндерім де осы кеніште еңбек етеді»,  дей­ді майталман кенші Марал Жампейісов.

Бүгінде М.Жампейісов «Қазақстан» кеніші кә­сіподақ комитетінің төр­ағасы. Жары Сәуле Жам­пейісова кеніштің автоматика және байланыс бөлімінде телефонист болып жұмыс істейді. Абсатовтар әулетінің үшінші буыны Талғат, Жанат, Мұрат, төртінші буын Жанат Абсатовтың ұлы Әлібек Абаев пен келіндері Ғайни, Рымбала, Гүлназия да осы кеніште еңбек етіп, көмір өндірісінің өркендеуіне үлес қосып жүр.

М.Жампейісов – I, II, III дәрежелі «Кенші даңқы» орде­нінің, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Көмір өнер­кәсібінің құрметті қызмет­кері.

Кеңес пен жары Рымбала да «Қазақстан» шахтасына еңбегі сіңген жандар. Екеуі табан аудармай, отыз жылдан аса бір кеніште жұмыс істеді.

– Әкем 1976 жылдың ақпа­нында шахтаға қатардағы жұ­мысшы болып кірді. Кейін электровоз машинисін оқып, 2007 жылға дейін осы қызметін абыроймен атқарды. II, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. Қазірде құрметті зейнет демалысында. Анамыз Рымбала 1979 жылы шахтаға заңгер болып орналасып, 2008 жылға дейін еңбек етті, – дейді Талғат Кеңесұлы.

Талғаттың өзі де әке жолын жалғап, 1998 жылғы тамызда шахтаға тау-кен шебері болып жұмысқа орналасқан. Содан бері Шахтинск қаласы іргесіндегі шахтаның белді кеншісі. Қалған үш бауыры Қарағанды мемлекеттік тех­ни­калық университетін тәмамдап, өндіріс саласында еңбек етіп жүр.

Сембек «Қазақстан» кені­шінде бұрғылаушы, жары Ғайни лампашы болып еңбек етті. Ағалары Сембінің де балалары тау-кен саласында. Абай Абсатовтың ұлдары да аталарының ізін лайықты жалғап жүр.

– Жанат шахтада 2003 жылдан бері бұрғылаушы болып жұмыс істейді. Мұрат 2000 жылдан бастап тау-кен қазу маши­нисі. Жанаттың ұлы Әлішер де осыдан екі жыл бұрын шахтаға жұмысқа орналасты. Ол кенші ғана емес, джиу-джитсудан еліміздің чемпионы, қол күрестен спорт шебері, – дейді әулеттің үлкені М.Жампейісов.

Осылайша, бүтін бір әулет­тің «Қазақстан» шахтасына да, қазақ еліне де ең­бекпен сіңірген үлесі зор. Еселі еңбектен абырой тапқан ағайындылардың ата дәстүрге, мамандыққа адалдығы, береке-бірлігі көпшілікке үлгі-өнеге.

 

Қарағанды облысы