Қоғам • Бүгін, 12:40

Қазақстандықтар Шенген визасының мөрінен жаппай айрылады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 12 қазанда Еуропалық одақ елдерінде жаңа Entry/Exit System (EES) – кіру-шығу жүйесі іске қосылады. Ол паспорттарға қойылатын мөрді толықтай алмастырып, шекарадан өткенді цифрлық тіркеу арқылы рәсімдейтін болады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандықтар Шенген визасының мөрінен жаппай айрылады

Жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асып, 2026 жылғы 10 сәуірге дейін толық аяқталмақ.

EES тек 180 күн (жарты жыл) ішінде 90 күнге дейінгі мерзімге қысқа сапар жасайтын Еуроодаққа мүше емес елдердің азаматтарына ғана арналған. Ал Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцария азаматтары Entry/Exit System тексерісінен босатылады.

Жүйе Шенген аймағына қысқа мерзімді визамен немесе визасыз кіретіндердің барлығын қамтиды. Әрбір шекарадан өту немесе елге кіре алмау жағдайлары электронды түрде тіркеледі.

Еурокомиссияның мәліметінше, EES шекаралық бақылауды жеделдетіп, тиімділігін арттыру үшін енгізіліп отыр. Бұдан былай паспорттарды қолмен тексеру орнына цифрлық тіркеу жүргізіледі. Жолаушылар тиісті терминалдарда тексерістен өздері өте алады. Бұл ретте құқық қорғау органдары іздеуде жүрген немесе күдікті адамдарды табуға көбірек көңіл бөле алады.

Толыққанды жұмыс істеу үшін жаңа жүйеде келесі үлкен деректер (Big data) жиналады және сақталады:

  • Жол құжаттарында қамтылған барлық мәліметтер, соның ішінде шетелдіктің аты-жөні, туған күні, азаматтығы, банктегі салымдары және басқасы,
  • Шенген аймағындағы қай елден шыққаны, тағы қай елге кіретіні, күні мен орны,
  • Биометриялық мәліметтері (әзірге – саусақ таңбасы мен фотосуреті),
  • Кіруге рұқсат етуден бас тартылғаны туралы мағлұматтар болады.

Егер саяхатшы бұған дейін шенген визасын алған болса, оның саусақ іздері ЕО-ның визалық жүйесінде (VIS) сақталғандықтан, қайта сканерлеу талап етілмейді.

Деректер жүйеде әртүрлі жағдайға байланысты 3 жылдан 5 жылға дейін сақталады да, белгіленген мерзім өткен соң автоматты түрде жойылады. Кейін жаңа сапар үшін деректерді қайта енгізу қажет болады.

SchengenVisaInfo-ның дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда 179 446 шенген визасына өтініш түскен. Бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш әрі 2023 жылғы рекордтан 12,8% артық. Осы көрсеткіш Қазақстанды шенген визасына өтініш берушілер саны бойынша әлемде 16-орынға шығарды.