Руханият • Бүгін, 08:40

Құндылықты құнттаған қаламгер

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде халқымыз қалалық ұлтқа айнала бастағандықтан, бала мен шаһар тақырыбы өзектілігін жойған жоқ. Белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның «Тұнжыр» хикаятында қалада өсіп келе жатқан жасөспірімдердің өмірі мен басынан кешкен шым-шытырық оқиғалар суреттелген.

Құндылықты құнттаған қаламгер

Зерттеуші Ольга Стро­гонова «Подросток в современном англо-язычном художественном дискурсе» аталатын еңбегінде жас­өспірімдер әдебиетін моральдық негіздерге, индивидуализмге, жетімдікке, тәрбие мәселесіне бөлуді қолдайды.

Жазушы Толымбек Әбді­райым­ның «Тұнжыр» хикаяты қазіргі қоғамдағы қала­лық қазақтардың отбасы құнды­лы­ғы мен ержете бастаған жасөс­пі­рімдер өмірінің тылсым сырын­ қозғайды. Ажырасқан отба­сын­­дағы өгей шешеден қорлық көр­ген жасөспірімнің үйінен безіп, қала кезіп кеткен шерлі тағдыры бала өмірінің тым күр­делі екенін аңғартады. Әсіресе қатарынан қалмауға тырысатын жасөспірім шағында күйзеліске түсіп, күтімсіз қалған жас өмір қазақ отбасыларының тұрмысы мен тәрбиесінен хабар береді.

Туа сала әке-шешесі ажырас­қан Рауан ес жиғанда өзін өсірген ата-әжесінен айырылды. Сон соң ол «балам» деп басынан сый­памаған, мейірімін көрмеген әкесінің қолына баруға мәжбүр болады. Бала тағдыры өгей шеше мен суық әкенің қолына түскен­нен басталады:

«Қалақтай қара бала қарын­дасын екі-үш сағаттай ойнатты да:

– Тәте, – деді төр алдында құс жастыққа көміліп, теледидарға тесіле қарап жатқан етжеңді қара­сұр әйелге ақырын дыбыс­тап.

– Иә - ә... ы... ы - ы... – Келіншек тіл қатуға да ықылассыз, жақ аш­қысы жоқ тіпті.

– Сабаққа дайындалсам рұқ­сат па?.. – Дауыстауға да жасқа­нады. Қатты сөйлегені үшін талай таяқ жеген.

– Әй, жетімек! Анаңнан айыр­ған мен емес! Баласын тастап, байға тиіп несі бар байғұстың?.. Обалы – көкек шешең мен ынжық әкеңе!

– Апайдан ұят!.. – Баланың көзі боталады.

– Не қыл дейді?

– Сабақ сұрағанда жауап бере алмай.

– Содан.

– Екі қойды.

– Қайтейін екі алсаң! Міністр боламын дейсің бе? Тексіз әке­­ден қайбір ұрпақ өрбиді? Рауан­ның ашуы келді. Не деген керісқұмар?».

Автор сюжеттік оқиғадан бұрын бала мен өгей шешенің сөздері арқылы отбасында қалып­тасқан психологиялық ахуалдан хабар береді. Отбасында әйел мінезі мен білімі, тәрбиесі бала үшін басты орын алатынын өгей шешенің тасыр мінезі арқылы көрсетеді.

Жазушы соңғы онжылдықта ажырасудың, кішкентайлы бола тұра басқа отбасын құрудың жиі­леуінен бала зардап шегетінін, психологиялық соққы алатынын меңзейді. Әлем әдебиетінде де балалардың жан жарақаты өгей аналардың қылығынан, солардың мейірімсіздігінен болатыны су­реттеледі. Мәселен, ағылшын жа­зушысы Джеймс Гринвудттың «Өгей бала» («Маленький обор­выш) романындағы баланың асырап алған шешеден көрген қорлығы Рауан өміріне ұқсас. Шешесі өлгеннен кейін әкесі күйеуінен ажырасқан, көрші тұратын Берк есімді әйелге үй­ленді. Көрші әйел Берк мұның үйіне келген күннен бастап кіш­кентай қарындасы Полли Джим­мен бірге ұйықтайтын болды. Түн ішінде бала жылап, Джимге оңайлықпен жұбанбай есін шы­ғарса, күндіз де оның қасынан бір елі ұзамай, әбден шаршаған балаға өгей шешесі тамақ бермей тиісе береді. Әкесіне кішкентай Поллидің тамағын жеп қойды деп Джимді жамандап, таяқтайды.

«Тұнжыр» хикаятындағы Рауан сияқты Джим де өгей ше­ше­нің кесірінен әкесінен үнемі жәбір көреді. Екеуі де үйлерінде ата-анадан жылу көрмейді. Екі шығармада да әйелдерінің өті­рігіне көзсіз сенетін, балала­ры­ның болашағын ойламайтын әке бейнесін аңғарамыз.

Шығармада Рауанның отба­сындағы тұрмыс ахуалынан ауыл халқының жұмыс іздеп қалаға көшіп келіп жатқанын, олардың үй алуға жағдайы болмай, қала шетіндегі саяжайларда тұра бастағанын байқаймыз. Бір күні Рауан сабақтан оралса, есік құлыптаулы, күні бойы есік алдында отырған бала ақы­ры ешкім келмеген соң, қарны ашып, талғажау табу үшін қала кезіп кетеді. Осыдан бастап Рауан кезбелік жолға түседі. Әкесі үш айға басқа қалаға жұ­мысқа кеткенде Рауан үйінде оғаш оқиғалардың үстінен түседі. Бірнеше әйел мен еркек жиналып арақ ішкенін, шешесінің басқа ер адаммен жақын отырғанын да көреді. Шешесінің оспадар қылығынан ұялған бала үйге кірмей кетіп қалады. Кезбелік­пен күнелткен жасөспірім обра­зын өмірге өкпелі тіленші әйел­дер тағдырымен астастыра сурет­тей­ді. Бала олар жоқта базар ма­ңында қайыр сұрайды.

Бір күні ол қарындасы Поллиді баспалдақтан байқаусызда құла­тып алып, өгей шешесінен оң­бай таяқ жейді. Осы оқиғадан кейін Джим үйінен қашып ке­теді. Сол қашқаннан үйіне оралмады. Тура Рауан секілді бір­ден базарға келді. Ол белгісіз бір жа­нашыр жолаушыдан екі пенс алды, бірақ оны қожалақ деп ата­ған кезде қорланып қалды. Ол өзіне азын-аулақ кешкі ас сатып алып, тамақтанған соң, кішкен­тай Поллиді ойлағанынан бала жү­регінің мейірімін, жанының тазалығын аңғарамыз.

Джим де Рауан сияқты базарда күнкөріс үшін бағын сынауды ұйғарды. Ол тауарлардың атын атап, айқайлап жаттыға бастады. Бірақ біраз уақыттан кейін екі балаға кездесіп, олармен бірге жұмыс істейтін жер табамын деп үміттенеді. Осылай­ша, ол Молди мен Рипстон атты ба­лалармен бірге ұрлық жасай бастады. Бірақ базардан жаңғақ ұрлаған кезде іштей өкі­ніп жүрді. «Тұнжыр» хикая­тын­да Рауан басқа балалар секілді ­арба сүйреп базарда жұмыс істе­гісі келгенде, оның өзі тамыр-таныс арқылы екеніне көзі жетіп, «Рамстор» сауда орталығының алдын­да қайыр сұрауға мәжбүр болады. Ақыры машина жуатын салонда жұмыс істей бас­тайды. Бірге еңбек ететін жасы үлкен ересек балалар автоса­лон­ға қонып жүрген Рауанды алдап, түн ішінде бірнеше қым­бат көліктің дөңгелектерін алып кетіп, жұмыстан қуылады.

«Тұнжыр» хикаятының ағыл­шын жазушысының шығар­масынан ерекшелігі – қалада бала жоғалуының суреттелуі. Бұл мәселе қазақ балалар әде­биетінде бірінші рет көтерілді. Қой бақтырам деп алып барған қожайынның сенімді жұмыскері Еламан оған: «Бұрын да талай балалар болған мұнда. Оларды дәл сендерше бір-екі ай шамасында жақсылап тынықтырып, ұйқыларын қандырып, құнарлы тамақ беріп, әбден семіртіп алып кетеді... Қайта оралған ешкім жоқ.

– Мәссаған?!

 Екеудің зәре-құты қашып, қорқа бастады.

– Естуімше, – деді Еламан темекінің келесі талын тұтатып жатып. – Шын-өтірігін білмей­мін, естуімше сойып, ішкі ағза­дағы бүйрек, бауыр сияқты мүше­лерін сататын көрінеді».

Жазушының авторлық позициясы қамқоршысыз балалардың ішкі органдарын, дене мүшесін сатып пайда табудың қазақ қо­ғамында үйреншікті жағдайға айналғанын бейнелеуімен де ерекшеленеді. Рауанды қаладан алыс мекенге әкетіп, жымысқы ойларын жүзеге асырмақ болған адамдардың іс-әрекетін суреттеу арқылы қоғамдық дерт пен қылмыстың, жаналғыш қастан­дықтың бетін ашады.

Джеймс Гринвудттың «Өгей бала» хикаятында Джимді еш­қандай туысы іздемейді. Ал «Тұн­­жыр» хикаятында оны мек­тебі, сынып жетекшісі іздейді. Қазақ қоғамындағы балаларға жауапкершілік мектепте екенін аңғартады. Мұғалімдердің бала өміріне алаңдайтынын және жанашырлығын байқаймыз.

Баланың тағдырына қатысты сотқа ауылдан әкесінің ағасы келіп қатысады. Інісінің өз баласынан бас тартқанын көріп, ағасы баланы ауылға әкетіп бара жатуымен шығарма аяқта­ла­ды. Қазақ халқының мента­ли­тетіндегі бауырмалдық, туыс­тық қасиетті автор ағасының мінезі мен іс-әрекеті, балаға деген жана­шырлығы арқылы көрсетеді.

Жалпы, «Тұнжыр» – көп­қырлы шығарма. Үй-күйсіз жүр­ген жасөспірімдер ішінде кітап оқуды жақсы көретін, өнер­ге құш­тар балалардың қор бол­ға­нын бейнелеген автор алтын бас­ты ұрпақты жоғалтпау ұранын көтереді. Бала­ның ақысын жеу, оларды аямай қара жұмысқа салу, баланы жұ­мысқа алуда тамыр-та­ныс­­тық­тың орнауы, бала жоғалуы, балаларды ұрлап, оларды өлтіріп, сау мүшесін сату, қала­­дағы қайыр­шылықтың бәрі – қоғамдық әлеу­меттік мәселе. Шығарма қала­­лық қазақтар­дың тұрмы­сын, жас­өс­пірімдердің пси­хо­логиясы мен болмысын, дүние­­танымы арқылы болашаққа салуымен құнды.

Әлемге әйгілі ағылшын жазушысы М.Твеннің Лондонның кедей ауданындағы лашықта өскен бала мен VIII Генрих патша­ның мұрагері туралы 1881 жылы Канадада жарық көрген «Принц и низший» романы – қалалық балалар өмірін суреттейтін алғашқы шығармалардың бірі. Осы ро­ман­дағы кедей баламен орны алмасқан принцтің басынан өткен қаладағы қиын да күрделі өмірі Рауан мен Джим­нің көрген азабымен әлі күнге ұқсас. Бұл кімді болсын бейжай қалдырмауға тиіс.

 

Мақпал Оразбек,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы