Спорт • Бүгін, 08:18

Шайдоровтың тағы бір табысы

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Халық аренада» мәнерлеп сырғанаудан Олимпия ойындарының қола, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды.

Шайдоровтың тағы бір табысы

Суретті түсірген – Сали Сабиров

Алғашқы жүлделерді жасөс­пірімдер сарапқа салды. Қыздар бәсекесінде Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Гонхидің бағы жанды. Оның командалық әріптесі Ким Мин Сон күміс алса, Әзербайжаннан келген Арина Калугина қола медаль иеленді. Жерлесіміз Анна Санникова алтыншы сатыда қалып қойды. Ұлдар сайысында барлық жүл­дені отандастарымыз олжалады. Артур Смағұлов бірінші, Никита Козлов екінші, Кенан Бердібаев үшінші орындарды еншіледі.

Әйелдер жарысындағы басты үмітіміз София Само­делкинаның  жарақатына бай­­ла­нысты осы мемориалға қатыс­пайтыны белгілі болғанда-ақ жүлдеге қол жеткізе алмайтынымызды алдын ала болжаған едік. Айтқандай-ақ, қыздардың қысқа бағдарламадағы көрсеткіштері тым нашар болды. Келесі күні де мандытып сырғанай алмады.  Отандастарымыз мынадай орындарды еншіледі: Әмира Ирматова – 6,  Нұрия Сүлеймен – 7, София Фарафонова – 9, Ве­роника Коваленко – 10, Руса­лина Шакрова – 11-орын. Бұрым­дылар бәсекесінде әлем чем­пионатының күміс жүлде­гері Ли Хэ Ин алтыннан алқа тақса, Юн Асон күміспен күптелді. Бұ­лардың екеуі де Оңтүстік Корея­дан. Канадалық Мадлен Скизас қола медальды мойнына ілді.

Мұздағы биде жерлестеріміз Бойсангур Датиев пен Гауһар Наурызова 9-орынды қанағат тұтты. Бас жүлдені грузиялық Диана Дэвис пен Глеб Смолкин жеңіп алды. Екінші, үшінші сатыларға АҚШ, Швецияның жұптары жайғасты. 

Ерлер сайысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров тағы да топ жарды. Жаттығудың екі түрінде де қарсылас шыдатпаған 21 жастағы жерлесіміз қатарынан екінші мәрте Денис Тен мемориалында жеңіс тойын тойлады. Грузияның мықтысы Ника Егадзе күміс жүлдеге ие болса, АҚШ спортшысы Джейсон Браун үздік үштікті түйіндеді.