Спорт • Бүгін, 08:22

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан 2026 жылы АҚШ, Мексика, Канадада өтетін әлем чемпионатының билеттері сатылымға шығатын күн де жақындап қалды. Оның құны қанша болатыны қазірден белгілі. Бас кеңсесі Сан-Францискода орналасқан «The Athletic» интернет-басылымының мәліметінше, финалдық матчтың ең қымбат билеттері 6730 долларға сатылса, арзандарының бағасы 2030 доллар тұрады. Топтық турнирлерде олар 60-тан 620 доллар арасында сатылады.

Жарыс күнделігі

Сурет: rb1ncm.ru

  • Үндістанның Ахмедабадында су спортынан Азия чемпионаты аяқталды. Құрлықтың мықтылары бас қосқан жарыста еліміздің құрамасы 10 жүлдеге қол жеткізді. Жалғыз алтынды Әділбек Мусин жеңіп алды. Ол 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмады. Максим Сказобцов (100 метр, баттерфляй), София Әбубәкірова (50 метр, шалқалай жүзу; 50 метр, баттер­фляй), Глеб Коваленя (50 метр, еркін тәсіл), Айбат Мырзамұратов (50 метр, брасс) күміспен күптелсе, Софья Сподаренко (100 метр, баттер­фляй), Максим Сказобцов (50 метр, баттерфляй), Софья Сподаренко (50 метр, баттерфляй), 4х100 метрлік эстафетада еліміздің құрамасы қолаға қол жеткізді.
  • Футболдан 2027 жылғы жастар арасындағы (U-20) әлем чемпионаты Өзбекстан мен Әзербайжанда өтеді. Бұл ақпаратты Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) таратып отыр. 
  • Ресейлік функционер Умар Кремлев жетекшілік ететін Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) ерлер арасындағы ІІ әлем чемпионаты 2–13 желтоқсан аралығында Дубайда өтетінін ресми түрде жария етті. Жарыстың жүлде қоры мол. Айталық, чем­пион­­дық атаққа қол жеткізген саңлақтар 300 000 АҚШ долларын иеленеді. Жүлделі орындарды олжалағандар 150 000 мен 75 000 долларды еншілейді. Тіптен бесінші орынға табан тіреген былғары қолғап шеберлеріне де сыйақы қарастырылған. Олар 10 000 доллардан алады. Жоғарыда аталған соманың тең жарысы боксшыға берілсе, қалғанын жеке бапкері мен сол елдің ұлттық федерация­сы өзара бөліседі.