Еңбек • Бүгін, 09:50

Елдегі кәсіпорындар жұмыскерлерге 2,2 млрд теңге жалақы төлемеген

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде еңбек инспекторлары жүргізген тексерулер нәтижесінде жалақы берешегі мен заңбұзушылықтардың мыңдаған дерегі анықталды. Қабылданған шаралардың арқасында он мыңдаған азаматтың құқықтары қорғалып,  еңбеккерлерге миллиардтаған теңге қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елдегі кәсіпорындар жұмыскерлерге 2,2 млрд теңге жалақы төлемеген

Фото: Ерлан Омар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республика бойынша 391 кәсіпорында 9,3 мыңнан астам жұмыскерге 2,2 млрд теңгеден аса жалақы қарызы бар екенін анықтады. Сонымен қатар түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығының 5,5 мыңнан астам бұзылу фактісі тіркелген.

«Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 932 ұйғарым берілді және 370,9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 8,9 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,8 млрд теңге төленді», делінген хабарламада.

Ведомство еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды ерекше назарда ұстап отыр. 2025 жылғы 1 қазанға дейін еңбек инспекторлары 4 572 тексеру жүргізіп, 5 523 заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 4 590-ы еңбек саласына, 909-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, ал 24-і халықты жұмыспен қамтуға қатысты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 34 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.