Мирас • Бүгін, 08:23

Жорғаның сыны

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрнекті ақын Кәкімбек Салықов жорға жылқы туралы: «Жорғасы тайпалып көз ілдірмейді, Ырғағын бұзып, өзек тілдірмейді, Беу, шіркін! Бипыл-типыл, майқаң-қайқаң, Жүрісі шайқалса да, білдірмейді», деп жырлаған екен.

Жорғаның сыны

Сурет: massaget.kz

Жорғаны қазақтың беделді адамы салта­нат­ты жиын-тойда міне­тін болған. Оны арна­йы баптап-күтіп, әрі сәнді ер-тұр­ман жасатқан. Яғни қазақ қо­ғамын­да жорғаның мәртебесі биік. Осы орайда, қазақ сыншылары жорғаның жүріс екпіні мен аяқ тастасына қарай екі топқа бөліп қарағаны жөн.

Жүріс екпініне қарай: қой жорға, жол жорға, кеңірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, аяң жорға, тайпалған жорға, және т.б. деп атаса, аяқ тастасына қарай: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, шап­шуыр жорға, тұсамыс жорға, өре жорға, шалдауыр жорға және т.б. деп атаған.

Ал жорғаның сапасын анық­таудың тәсіліне тоқталсақ: оның бел арқасына бес метр жалпақтау жіп байлайды. Ол ат құйрығының үстінен жерге қарай төмен салбырап түсіп тұрады. Содан кейін жорғалатып алып жөнелгенде, әлгі жіп жыланша ирелеңдеп көтеріледі. Шынайы жорғалар аршындай басқанда  бес метр жіптің ұшы жерге тимей ұшып отырады. Бұрынырақта, жорғаның сапасын білу үшін беліне арқан байлаған екен. Арқанның жерге тимеуіне байланысты оны бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, он екі құлаштық жорға деп атаған. 15-16 құлаштық жорғалар да болған, бірақ бұлар өте сирек кездеседі.

ат

Жақсы жорғаны тексерудің тағы бір жолы бар. Шөл-шөлейт жердің жорғасын сынау үшін ботаның енесін, яғни інген түйені көзкөрім алысқа айдап жібереді де, артынан ботасын жібереді. Енесін аңсаған жас бота тайрақтап қатты шабады. Осы қашқан ботаны жорғамен қайырады. Егер жорға жүрісінен танбай ботаны қайырса, бұл нағыз жорға болып есептеледі.

Келесі бір тәсіл –  жорға­танушы, сыншы адам қолына қарапайым қоңырау ұстап алып сынайды. Алғашында қоңырау дауысы сылдыр қағып, бара-бара жүрісі тайпалып қызған кезде үні өшеді. Бұндай жорғаны бұрынғы заманда мерген-садақшыларға мінгізіп, жорыққа жіберетін болған.