
- World Boxing (WB) конгресінде жаңа президент сайлауы өтіп, еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, әйгілі боксшы Геннадий Головкин, Грекия бокс қауымдастығының жетекшісі Харис Мариолис, Украинаның атақты спортшысы Владимир Кличко сол ұйымның басшылық қызметінен дәмелі екенін жазған едік. Күні кеше Кличконың райынан қайтқаны белгілі болды. Ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Римдегі конгрессте сайлауға түспейтінін ресми түрде мәлімдеді.
- 22 қазанда БАӘ-нің Әбу-Даби қаласында аралас жекпе-жектен өтетін UAE Warriors турнирінде Сүндет Айтқұл (11-2-0) күш сынасады. Қазақ файтері бразилиялық Гвидо Сантоспен (17-3-1) сайысқа түседі. Естеріңізге сала кетейік, осы жарыста жеңімпаз атанған спортшы әлемдегі ең белді промоушен – UFC-де өнер көрсету құрметіне ие болады.
- Әлемдік рейтингте 17-орында тұрған Александр Бублик 13–19 қазан аралығында Алатау баурайында жалауы желбірейтін «Almaty Open» турниріне қатысудан бас тартты. Өткен аптада ол Шанхайдағы «Мастерс» жарысында үздіктер тізімінде 202-сатыға жайғасқан Монако теннисшісі Валентен Вашеродан ұтылған еді. Содан кейін жеке бапкері еліміздің бірінші ракеткасына біраз уақыт демалыс беруді жөн көріпті.
- Шаңғымен тұғырдан секіруден Польшаның Щирк қаласында ұйымдастырылған халықаралық турнирде Данил Васильев алтын алса, Илья Мизерных күміспен күптелді. Үздік үштікті польшалық Клеменс Сташэль түйіндеді.
- 9–12 қазан аралығында Канаданың Монреаль қаласында шорт-тректен әлемдік турдың алғашқы іріктеу кезеңі өтеді. Бәсекеде еліміздің намысын Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Нұртілек Қажығали, Яна Хан, Ольга Тихонова, Зейнеп Құмарқан, Алина Әжіғалиева, Мәлика Ермек қорғайды.