Спорт • 10 Қазан, 2025

Дина – күміс жүлдегер

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Перу астанасы Лимада жастар арасында өткен әлем чемпионатында еліміздің туы астында 18 балуан өнер көрсетті. Солардың арасынан Дина Әбдірова ғана жеңіс тұғырына көтерілді.

Дина – күміс жүлдегер

57 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Дина бастапқы бәсекелерде Эльвида Гурьева (Ресей) мен Каролина Синницкаяға (Польша) сан соқтырса, одан кейін Асуко Уено (Жапония) мен Джованна Андрадені (Бразилия) ойсырата ұтты. Финалда жерлесіміздің жолы тағы бір Жапонияның жас жұлдызымен қиысты. Бұл бәсекеде Мио Шираканенің асығы алшысынан түсіп, алтыннан алқа тақса, Д.Әбдірова күміс медальды місе тұтты.

Өзге балуандарымыз табыс­ты өнер көрсете алмады. Аса жеңіл салмақта күресіп жүрген Талғат Орынбасар осыған дейін жасөспірімдердің әлемдік са­йысында, 2023, 2024 жылдары жастардың жарысында қола медаль иеленген. Бұл жолы да жанкүйерлер Талғат жүлдегер болады деп сенген еді. Өкінішке қарай, қандасымыз алғашқы айналымда өзбекстандық Әнуаржан Ибрагимовтан ұтылып қалды. Сол секілді басқа да татами шеберлері елге құралақан қайтты. 100 кг салмақта күрескен Асқар Біржанов жеңіс тұғырына бір табан жақын болды. Бірақ қола медаль жолындағы бәсекеде өзбек Мұхамедәлі Зоировтан айласын асыра алмады.    

Әлем чемпионы атанған дзюдошылар:

Ұлдар:  60 кг – Ретцу Матсунага (Жапония), 66 кг – Торнике Гигаури (Грузия), 73 кг – Мұхиддин Асадуллоев (Тәжікстан), 81 кг – Хару Акито (Жапония), 90 кг – Джесси Барбоза (Бразилия), 100 кг – Милан Булая (Сербия), +100 кг – Бислан Катамардов (Ресей).   

Қыздар: 48 кг – Сошио Яшино (Жапония), 52 кг – Николе Маркуес (Бразилия), 57 кг – Мио Ширакане (Жапония), 63 кг – Со Моришика (Жапония), 70 кг – Лин Эйприл Фохоуо (Швейцария), 78 кг – Мария Ханстеде (Нидерланд), +78 кг – Селия Канкан (Франция).