
Балабақшаның бәсін арттырған
«Даму» қоры – шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылай қолдау мақсатында құрылған институт. Мемлекет Қордың көмегімен іскер азаматтарға өз кәсібін дамытуға қолдау көрсетеді. Шымкент қаласында бүгінде шағын және орта бизнес субъктілерінің саны артып келеді. Олардың ішінде Қордың қаржылай көмегіне жүгінетіндер жылдан-жылға өсіп отыр. Кәсіпкерлерді негізінен пайызы төмен несие немесе кепіл мүлікпен қамтамасыз тетігі қызықтырады. Кәсіпкерлік нысандардың көбеюі, олардың Қор ұсынған жеңілдікке ұмтылуы мегаполисте бизнес саласы өркен жайып келе жатқанын білдіреді.
Осындай мемлекет жеңілдігін пайдаланғандардың бірі – «Сауран» балабақшасы. Шаһардың Тұран шағын ауданында орналасқан, мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме осы аумақтағы жалғыз балабақша болғандықтан, бала саны көп. Қазір мұнда 220 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақша меңгерушісі Зәуре Оңғарованың айтуынша, мекеме алғашында 75 орынға арналып ашылған. Кейін келе сұраныстың артуына байланысты жанынан қосымша үлкен ғимарат салынды. Кәсіпкерлік нысан өз бизнесін кеңейту мақсатында «Даму» қорына өтініш жасады. Сөйтіп, екі рет қолдау қаражатын алды. Алғашқы инвестициялық қаржыны ескі ғимаратты қайта жөндеуге, керекті құрал-жабдықтар алуға жұмсаған. «Даму» қорының мамандары биыл мекеме басшылығына қосымша ғимарат құрылысына қажетті қаражатты қарастыруға болатынын айтып кеңес берген. Сол тұрғыда балабақша құрылтайшысы «БанкЦентрКредит» қаржы ұйымына несие алуға өтініш білдіреді. Өтініш мақұлданып, Қордың «Өрлеу» бағдарламасы аясында 12,6%-бен балабақшаның жаңа жобасына несие беріледі. Сондай-ақ «Кепілдік қор-1» бағдарламасымен Қор кепіл мүлікті қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде кәсіпкерге қосымша жаңа ғимарат салуға, ішін керекті құрал-жабдықтармен толтыруға мүмкіндік туды. Екінші инвестициялық несие 240 млн теңге қаражатты құрады. Несие сомасын толық өтеп біту мерзімі – 7 жыл. Пайызы төмен несие, оны өтеу мерзімінің ұзақтау болуы кәсіпкерге мемлекет ұсынған үлкен көмек дейді мамандар. Сондықтан осындай жеңілдік пен жәрдемді бизнес өкілдері өз пайдасына барынша пайдаланып қалғандары жөн.
«Сауран» балабақшасы 2023 жылы ашылған. Бастапқыда жетпістен астам баланы қабылдадық. Балабақша орналасқан Тұран шағын ауданында бізден басқа әзірге ешқандай балабақша жоқ. Сондықтан маңайда тұратын ата-аналар алысқа сабылмай балаларын бізге әкеледі. Соның нәтижесінде бір-екі жыл ішінде бала саны күрт көбейіп, ғимарат таршылық ете бастады. Содан соң басшылық ескі балабақша жанынан қосымша үлкен заманауи ғимарат салуды ұйғарды. «Даму» қорынан алынған қомақты қаражатқа биыл зәулім ғимараттың құрылысы аяқталып, іші керекті құралдармен толық жабдықталды. Балалардың емін-еркін дамуына қазір барлық жағдай жасалған. Балабақшада тоғыз топ жұмыс істейді. Әр топтың өз тәрбиешісі мен тәрбиешінің көмекшісі бар. Одан бөлек, балалардың тазалығына жауап беретін күтушілер, тамағын әзірлейтін аспаздар, денсаулығына қарайтын медицина мамандары қызмет атқарады. Жалпы саны мекемеде отыздан астам қызметкер еңбек етеді. Олардың бәрі де білікті мамандар. Тәрбиешілерді жұмысқа аларда дипломы мен еңбек өтіліне, тәжірибесіне аса қатты мән береміз. Мұнда балаларға қазақ, орыс тілдерінде сабақ өткізіледі. Олардың физикалық, шығармашылық дамуына бар мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен каратэ сабағында тәрбиеленушілер жаттығулар арқылы денесін ширатып, осы спорт түрінің қарапайым тәсілдерін үйреніп шығады. Ол келешекте баланың өзін-өзі қорғауына да үлкен көмегін тигізуі мүмкін. Балада физикалық мүмкіндік артса, ертеңгі күні өз-өзіне деген сенімділік те күшейеді. Сонымен бірге логопед секілді мамандарды да жұмысқа алдық. Олар балдырғандардың тіл мүкістігін қалпына келтірумен айналысады. Бүгінде мұндай мамандар қоғамда үлкен сұранысқа ие болып отыр. Себебі қазірде тілі дұрыс шықпаған, анық сөйлей алмайтын балалар көбейіп барады. Солармен жұмыс істеп, тілін жөнге келтіру мақсатында осындай логопед мамандарды арнайы жұмысқа тартып отырмыз. Көп ата-ананың баласын логопедке апаруға қолы тимейді. Бұл жерде мамандар балабақшаның өзінен табылып тұр. Жалпы, «Даму» қорының қолдауы – қаржылық құрал ғана емес, сонымен бірге өңірлік экономиканың дамуына қосқан үлес. Сондықтан Қор қызметін Шымкент қаласының кәсіпкерлері үшін өсу мен жаңғырудың, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың нақты мүмкіндігі деп қабылдаймын», деді балабақша меңгерушісі З.Оңғарова.
Металл құрылымдары сұранысқа ие
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы мемлекеттік қолдау көрсетеді. Қордың Шымкент қаласы бойынша филиалындағы бағдарламаларды ілгерілету бөлімінің басшысы Сабыржан Исақовтың айтуынша, негізгі үш құралға жеңілдетілген қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік беру, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау тетіктері кіреді. Биыл «Даму» қоры ауқымды трансформациядан өтті. Бұл ретте кәсіпкерлерге бұрыннан көрсетіліп келе жатқан қолдау түрлері сақталып қалды. Дегенмен ішкі құрылымында біраз өзгерістер болды. Енді Қордың жұмысы тиімдірек бола түсті. Әрі несиені қарастыру уақыты жылдамырақ жүре бастады. Бір сөзбен айтқанда, «Даму» қоры қолдаудың нарықтық емес тетіктерінен біртіндеп алшақтап орнықты, ұзақмерзімді шараларға көшуге ден қойды.
«Биыл маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиімді балама болуға тиіс. Одан бөлек, кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама шартына келсек, несие мерзімі 10 жылға дейінгі мерзімді құрайды, бекітілген пайыздық мөлшерлеме 12,6 пайызға тең. Шымкент қаласында осы бағдарлама аясында жыл басынан бері жалпы несие сомасы 24,6 млрд теңгені құрайтын 38 жоба қолдау тапты. Биыл Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құны 7 млрд теңгеге дейінгі, 7 млрд теңгеден жоғары жобаларға арналған екі Кепілдік қоры іске қосылды. Бұдан былай кәсіпкерде кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға небәрі 2 жұмыс күні ішінде кепілдік қойып бере алады. Осының бәрі портфельдік кепілдендіру тетігінің арқасында іске асады. Кепілдік несиеге, лизингтік келісімдерге, шарттарды орындауға беріледі. Бірақ несие сомасының 85 пайызын құрауға тиіс және 3,5 млрд теңгеден аспайтын көлемде болу керек. Шымкент қаласында 2025 жылдың 9 айында кепілдік беру бағытында жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрайтын 90 жоба қолдау тапты. Оның ішінде Бірінші кепілдік қоры аясында жалпы құны 5,9 млрд теңге болатын 52 жоба мақұлданды. Сонымен қатар жыл басынан бері «Даму» қоры субсидиялау құралы арқылы жалпы несие портфелі 26,7 млрд теңгені құрайтын өңірдегі 154 жаңа жобаға қолдау көрсетті. Осы қаржы арқылы шағын және орта бизнес өкілдері өз кәсібін дамытып, табысты мекемеге айналды. Қордың басты мақсаты да сол шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржылай көмек беріп, елдің тұтастай экономикалық өрлеуіне өз үлесін қосу», деді «Даму» қорының бағдарламаны қаржыландыру департаментінің директоры Әлішер Аманшаев.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері «Ақ-Су Корпорациясында» болды. Серіктестік құрылысқа қажетті әртүрлі металл құрылымдарын шығарады. 2025 жылдың басында компания мемлекеттің «Бірыңғай кешенді бағдарламасына» қатысып, жабдық сатып алу мен айналым қаражатын толықтыруға екінші деңгейлі банк «Банк ЦентрКредит» қаржы ұйымынан несие қаражатын алған болатын. Несиелік қарыз ақшаның 18 пайыздық жылдық үстемеақысының 10 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Сондықтан кәсіпорын үшін бұл өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтудегі маңызды қадам. Сондай-ақ тамыз айында компания «Өрлеу» бағдарламасы арқылы тағы да жеңілдетілген қаржыландыруға ие болып, 12,6 пайызбен айналым қаражатын толықтырды. Осылайша, арзан несие өндіріс орнын бәсекелестікке төтеп бергізіп, сұранысқа сай жаңа өнімдер шығаруына септігін тигізді.
Серіктестік басшысының орынбасары Дәурен Тілеубаевтың айтуынша, кәсіпорын 1999 жылдан бері еліміздің құрылыс материалдары нарығында өнім өндіріп келеді. Осы уақытқа дейін серіктестік шығарған металл құрылымдары клиенттер тарапынан үлкен сенімге ие болды. Сол тұрғыда кәсіпорынды шаһардағы құрылыс материалдары саласындағы жетекші өндіріс орындарының бірі деуге толық негіз бар. Осы мерзім аралығында кәсіпорын сапалы өнім шығару арқылы өзінің брендтік атауын қалыптастырып үлгерді. Сонымен қатар жаңа технологиялар мен өнімдерді игеріп, дамудың қарқынды жолына қадам басып келеді. Компанияның негізгі бағыты – кез келген күрделіліктегі металл бұйымдары мен конструкцияларын шығару. Жасалған өнімдерді сату ісімен де кәсіпорынның өзі айналысады. Өнімдер қатарында профнастил, яғни метал жабыны, металдан жасалған черепица, тегіс табақ, рабица торы, басқа да түрлі қосымша бұйымдар бар. Сонымен қатар компания көркем плазмалық металл кесу мен энергия құрылғыларын жөндеу қызметтерін де қоса атқарады. Қысқаша айтқанда, компания идеядан дайын өнімге дейінгі толық өндірістік циклді бір өзі жүзеге асырады.
«Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 160 млн теңге несие алдық. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 12,6 пайыз. Мұндай жеңілдетілген несие қаражаты бізге өте тиімді. Нарықта 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеміз. Құрылыс материалдарын, металл құрылымдарын шығарамыз. Ол бүгінгі таңда құрылыс саласына өте керекті дүние саналады. «Дамудың» қаражатына метал жабыны мен сендвичь панельдер шығаратын станоктар сатып алдық. Тағы бір үлкен қондырғыға тапсырыс беріп қойдық. Біздегі өндіріс алты түрлі бағытқа негізделген. Метал жабындарының қалыңдығы мен толқын пішініне қарай 6-7 нұсқасын өндіреміз. Әрбір түрі бөлек-бөлек станокта жасалады. Бұл қондырғыларды Ресей мен Қытайдан алдырдық. Шикізат – металдың өзі Қарағанды өңірі мен Ресей елінен келеді. «Даму» қаржысына алынған қондырғыларды орнатып жатырмыз. Олар іске қосылған жағдайда өндіріс ауқымы тағы да бірнеше есе ұлғая түседі. Жаңа станоктарды келесі жылдың көктеміне дейін орнатып бітеміз деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс нарығында сэндвичь панельдер өте жоғары сұранысқа ие. Осы құрылымның көмегімен модульді ғимараттар соғуға ыңғайлы әрі жылдам қаланады. Сэндвичь панельдің екі жағы метал жабыннан құралса, іші жылу ұстағыш материалмен толықтырылады. Сондықтан осы құрылыммен ғимарат тұрғызылғанда қосымша жылу сақтағыш материалмен қаптап әуре болмайсыз. Бір ғана құрылыммен екі жұмыс бірдей атқарылады. Оның құрылыстағы әрі экономикалық тиімділігі жоғары болғандықтан көптеген компания ғимарат салуда осы әдіске көшіп жатыр. Солардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында сэндвичь панель өндірісін қолға алуды ұйғардық. «Дамудың» көмегіне арқа сүйеп, тиісті станоктар сатып алдық. Қазір монтаждау, орнату жұмыстарына кірісіп жатырмыз. Өткен жылы да Қордан несие қаражатына қол жеткізген едік. Оған да сыртқы қоршауға арналған сымды тор шығаратын станок сатып әкелдік. Өнімдеріміз еліміздің нарығына шығарылады. Шымкентте бірнеше фирмалық дүкеніміз бар. Бірақ негізінен жасалған дүниенің көп бөлігі тапсырыс арқылы мердігер компанияларға сатылады. Көршілес Өзбекстан еліне де өнімдеріміздің азғантай бөлігін жөнелтіп көрдік. Өндіріс ауқымы кеңейген жағдайда басқа да шетел нарықтарын игерсек деген ойымыз бар. Кәсіпорында жүзге жуық адам жұмыс істейді. Олардың арасында слесарь, токарь, дәнекерлеуші секілді ең қажетті мамандық иелері де бар. Сонымен қатар шаһардағы кәсіптік-техникалық колледждермен де жақсы байланыстамыз. Арнаулы оқу орнының студенттері осы жерге келіп, өндірістік іс-тәжірибеден өтіп тұрады. Біздің қызметкерлер болашақ мамандарға станокта қалай жұмыс істеу керектігін, техникалық қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын үйретеді. Жастар осындай кәсіпорындарда шыңдалғаны дұрыс», деді Д.Тілеубаев.
Медициналық құрал-жабдықтардың қалыпты өндірісі
«Даму» қорының өкілі Әлішер Аманшаевтың айтуынша, биыл қаржы институты республика көлемінде 750 млрд теңге жеңілдетілген несие таратуға тиіс. Рейтинг бойынша Қордан қаражат алып кәсібін дөңгелеткен өңірлер арасында Шымкент Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі орында тұр. Сондай-ақ Қордың «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 7 екінші деңгейлі банк несие береді. «Даму» негізінен денсаулық, білім, өндіріс, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, тамақтану, қонақүй салаларындағы бизнес идеялар мен бастамаларға басымдық береді. Сонымен қатар «Даму» қоры ұлттық даму институты болғандықтан, еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына жәрдемдеседі. Бұл экономикаға айтарлықтай серпін береді. Айталық, Шымкент қаласында 2010–2024 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің қатысуымен 11,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Олар бюджетке 359,7 млрд теңге салық төлеген. Қор қызметі күшейген сайын экономикаға тигізер пайдасы да арта береді.
Қор қаражатына өндірісін дамытқан кәсіпорынның бірі – «QMP Qazmedpribor» ЖШС. БАҚ өкілдері баспасөз туры аясында осы бір маңызды кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ танысты. Серіктестік медициналық жабдықтар мен жиһаздар өндіреді, оны тапсырыс берушіге дер кезінде жеткізіп берумен айналысады. 2012 жылы құрылған компания мемлекеттік, жеке медициналық ұйымдардың сенімді серіктесіне айналып үлгерді. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары – хирургиялық, ортопедиялық құрал-жабдықтар шығару. Одан бөлек, диагностикалық жабдықтар мен медициналық жиһаздар өндіреді. Сондай-ақ бір кездері жедел жәрдем көліктерін де жабдықтады. Өнім ассортиментінде дефибриллятор, стерилизатор, пульсоксиметр, массаж үстелдері, басқа да заманауи медициналық аппарат пен құрал-жабдықтар бар. Барлық өнімдер халықаралық сапа стандарттарына сай келеді, қатаң бақылаудан өтеді. 2025 жылғы тамызда компания «Даму» қорының «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында «Банк ЦентрКредит» қаржы ұйымынан несие алды. Компания өкілдерінің айтуынша, қаржыландырудың бұл түрі кәсіпорынға қолжетімді әрі тиімді.
«Медициналық аппараттың көптеген түрін өндіреміз. Олардың бәрі де медицина саласына қажетті заманауи қондырғылар мен құрал-жабдықтар. Қазірде 6-12 арналы ЭКГ аппаратын жасауға кірістік. Ол бүгінде ең озық медициналық құралдың бірі боп саналады. Өзімізде білікті кадрлар жеткілікті. Мамандар әр екі жыл сайын шетелде тәжірибеден өтіп тұрады. Айталық, жақында бірқатар қызметкеріміз Барселона қаласында тәжірибе жинап қайтты. Сонымен бірге түрлі халықаралық көрмелерге қатысып тұрамыз. Медициналық бұйымдар өндірісінде бәсеке өте жоғары. Сол орайда өз орнымызды жоғалтпауға тырысамыз. Отандық өндіріс орны ретіндегі бір ерекшелігіміз, қойған аппаратымыз істен шықса бір апта ішінде инженерлерді жіберіп, өзіміз жөндеп береміз. Шетелдік қондырғыларда бәрі керісінше. Бір бұзылса жөнделмей тұрып қалуы мүмкін. Өйткені сервистік қызмет нақты жолға қойылмаған. 2023 жылы елімізде 650-ге жуық фельдшерлік-амбулаториялық пункттер салынды. Солардың көпшілігін бес түрлі медициналық құралмен жабдықтауға қатыстық», деді компанияның атқарушы директоры Әсел Тұрғанбек.