
«Қазақ» газетінде жарияланған Алаш партиясының бағдарламасындағы басты 10 мәселенің бірі – оқу-ағарту, яғни ғылым-білімді үйрету болды. Сол себепті, XX ғасырдың басында ұлт зиялылары ағартушылық бағытқа бар күш-жігерін салды. Солардың қатарында Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлы да жүрді. Ағартушы қайраткер 1924–1928 жылдары Қарқаралы ауданының Бесоба, Қызылту, Милыбұлақ және Қу, Ақтоғай аудандарының ауылдарына мектеп салғызу жұмыстарын қолға алғаны тарих жадында.
Музей бұрышының лентасын журналист Алтынбек Құмырзақ пен Имам Әлімбекұлының жиені Сәуле Машаева кесті. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Алтынбек Құмырзақ Имам Әлімбекұлының өмірі мен шығармашылығын айта келіп, «Сарыарқа» газетін басқарғанын, «Қазақ» газетіне мақала жазғанын атап өтті. Имамның туған бауыры Имамғали туралы деректер айта келіп, оның да ғылым жолындағы еңбегіне тоқталды. Алдағы уақытта да Имамғали Әлімбекұлының тағдыры мен тағылымына қатысты деректердің маңызына мән беретінін мәлімдеді. Алаш арыстарының есімін, рухани мұраларын жаңғыртуда үлкен үлес қосып келе жатқан «Qyr balasy» қоғамдық қорының жұмысы жайында да сөз қозғап, музей бұрышына «Qyr balasy» ҚҚ-ның «Алаш сериясымен» жарық көрген кітаптарын табыс етті.
Бұл тағылымды іс-шараға Алаш арысының ұрпақтары Гүлдана Мейрамқызы мен Гүлнар Баянқызы мұрындық болып, қайраткердің ұрпағы, кәсіпкер Асқар Әлімбек қаражатын көтерді.
Бесоба орта мектебінен ашылған музей бұрышы Имам Әлімбекұлының өмірі мен қайраткерлік қызметінің хронологиясы көрсетілген үш үлкен стендтен тұрады. Біріншісі – Алаш тарихына, екіншісі – Имам Әлімбекұлының Алаш қозғалысы қызметіне, үшіншісі Имам Әлімбекұлының педагогикалық-публицистикалық еңбектеріне арналған. Қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты, шығармашылығы туралы әр жылдары түскен суреттері де осында.
«Бұл деректер мен құжаттар ғана емес. Біз архивтермен жұмыс істеп, әр фотоның, әр қағаздың артындағы тағдырды ашуға тырыстық. Музейде шынайы заттар болуы керек. Мен әлі күнге дейін 1930–1950 жылдардағы жәдігерлерді, ескі суреттерді, кітаптарды тіпті пионер галстугін сақтап келем. Өйткені тарих – тірі куәгерлер арқылы ғана сезіледі» – дейді музей ісінің маманы, зерттеуші Дана Мейрамқызы.
Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлының өмірін зерттеуге, есімін қайта жаңғыртуға Гүлнар Баянқызы мен оның туыстары көп күш сарп етті. Сол қажырлы ізденістерінің арқасында музей ашып, «Қайта оралған есім» атты Имам Әлімбекұлының өмірі турасында кітапша шығарды.
«Менің арманым – атамызға арнап бір музей ашу еді. Өткен жылы ашқымыз келді, бірақ қолымыздағы материалдар тек Алашқа дейінгі кезеңмен шектелді. Биыл Дана Семейге барып, архивтен көптеген құжат тапты. Сол сәттен бастап ізденісіміз тереңдей түсті. «Айқап», «Сарыарқа», «Қазақ» газеттерінің ескі нөмірлерін ақтарып, бұрын тек ауызша айтылып жүрген естеліктерге нақты құжаттық дәлелдер таптық», – дейді журналист Гүлнар Бұхарбаева.
Журналист Гүлнар Бұхарбаева Имам Әлімбекұлы туралы алғашқы мәліметтерді 1990 жылдары естігенін айтып, сол кезеңді есіне алды: «Атамның үлкен ұлы Мейрам атаның қамқорлығын көрдік. Ол кісінің жұбайы Ақсия деген апамыз да елге танымал болатын. Соңғы жиырма жыл өмірінде көзі көрмей қалды. Бірақ үнемі радио тыңдайтын. Үйінде кішкентай ғана радио тұратын. Сол радионы таңертеңнен кешке дейін тыңдап отыратын. Бір келгенінде ол кісі: «Міржақыпты ақтады, Ахметті ақтады, Әлімхан Ермековті де ақтады. Біздің атамыз әлі ақталған жоқ», – дегенде, құлағым елең ете қалды. Осындай ұлы адамдардың аты аталғанда: «Олардың қатарында жүрген бұл кісі кім?» – деп ойладым. Ол кісінің бір ескі чемоданы бар екен. Тозығы жеткен, шеттері мүжілген ағаш чемодан. Соның ішінен сарғайған қағаздарды алып шықты. Онда Мағжанмен бірге Петропавлда жұмыс істегенін растайтын құжаттар, Мейрам атамның Мәскеуге жазған хаттары болды. Сол кезден бастап мен зерттей бастадым. Кейін «Алаштың туын көтерген» деген мақалам «Egemen Qazaqstan»-да жарық көрді. Сол мақаладан кейін Қостанай мен Семей өңірінен көзкөргендер естеліктерін жолдап, біз көп дерек жинадық. Сонда ғана Имам Әлімбекұлының Сәкенмен, Мағжанмен, Ахмет Байтұрсынұлымен қатар жүргенін білдік».
Музей бұрышының салтанатты ашылу рәсімінің соңы «Алаш қайраткері – Имам Әлімбекұлы» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Соңынан дәстүрге сай имандылық шаралары атқарылды.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы