Қоғам • Бүгін, 09:02

Саяси жаңғырудағы соны белес

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу бастамасын ұсынып, мұндай реформа сарапшылар мен қоғам арасында жан-жақты талқылануы қажет деген еді. Осы мақсатта Еуразиялық интеграция институтының «Ашық саясат» сараптамалық клубы кезекті отырысын өткізді.

Саяси жаңғырудағы соны белес

Сурет: baq.kz

«Қазақстанда бір палаталы пар­ламент құру және партия­­лық жүйені дамыту перспекти­ва­лары» тақырыбында ұйымдас­тырылған жиынға саясаттанушылар, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты. Олар мұндай өзгеріс еліміз секілді унитарлы мемлекетке тиімді екенін айт­ты. Сондай-ақ бір палата­лы Парламентке көшу заң шыға­ру үдерісін жылдамдатып, пар­тиялардың рөлін және депутат­тардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтеді деп отыр. Әрі билік тармақтары мен мем­лекеттік институттар арасында әлеуетті өкілеттіктерді қайта бөлуге ықпал етеді.

Қатысушылар елдегі саяси реформалардың ықтимал салдары туралы да сөз қозғады. Еура­зиялық интеграция институты департаментінің басшысы Серік Жүсіпов егер бір палаталы Парламенттің құрамын тек партиялық тізімдер арқылы жа­сақ­тайтын болса, онда бүкіл халықтың мүддесі толық көлемде ескеріле ме деген сұрақ туындайтынын ашып айтты.

– Мойындау керек, қазіргі сая­си партиялар қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарды толық қамти алмай отыр. Соның салдарынан кей азаматтардың үні ескерілмей келеді. Сондықтан партиялық жүйені нығайту мақсатында ке­шен­ді әрі жүйелі шараларды қатар жүргізу маңызды. Бұл рет­те мажоритарлық жүйе бойынша белгілі бір квоталар енгізу ұсы­ны­луы мүмкін, ол өз кезегінде аймақ­т­ық өкілдікті сақтауға ық­пал етеді. Жалпы бір палаталы Парла­ментке көшу кезінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жаңаша қалыптастыру қажет, – деді С.Жүсіпов.

Ал «Қазіргі қоғамды зерттеу институты» ЖШС директоры, экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкен бір палаталы Парламентте жеке өкілдікті қамтамасыз етудің балама жолын ұсынды. Ол бір мандатты округтердің орнына саяси бәсекелестікке үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдерін тартуды ұсынды.

– Азаматтық сектор мен үкі­меттік емес ұйым өкілдері – қо­ғамдағы нақты әлеуметтік топтар­дың, аймақтардың және түрлі мүдденің тыныс-тіршілігін жақсы біледі, сол ортаның сұранысы мен проблемасын жете түсінеді. Олар өз аудиториясының нақты қажеттілігін парламенттік деңгейде ашық, жүйелі әрі кәсіби түрде жеткізуге қабілетті. Бұл – бір жағынан, Парламенттегі өкілдікті кеңейтіп, оның қоғамдық легитимдігін арттырса, екінші жағынан, саяси үдерістерге жаңа серпін береді, – деді М.Қажыкен.

Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мек­тебінің докторанты Сабина Садиева елімізде Сенаттың тарауы саяси жүйедегі жалғыз өзгеріс ретінде қарастырылмауға тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан кейінгі жылдары кешенді саяси жаңғыру кезеңінен өтіп жатыр.

– Бұл реформаны жеке қа­растыруға болмайды. Елімізде 2021 жылдан бастап әкімдерді тіке­лей сайлау тәжірибесі енгі­зіл­ді. Сондай-ақ билік пен пар­тиялық жүйе арасындағы қарым-қатынас та қайта құрылып жатыр. Бұған дейін басқарушылық ше­шімдер көбіне доминант партия­ның қатысуымен жүзеге асса, қазір мемлекет партия мен мемле­кеттік аппараттың аражігін ажы­ратып отыр. Бұрын бізге әр өңір­ден жеке сенатордың болуы маңыз­ды саналса, қазір қоғам­да саяси кері байланыстың басқа да арналарын дамытуға мүм­кін­дік бар. Меніңше, басты назар Сенаттың таратылуына емес, партиялық жүйенің жаңа жағдайға бейімделуіне аударылуы керек. Мұндай өзгерістер партия­ларды өңірлік филиалдарды дамытуға, халықпен жаңа деңгейде жұмыс істеуге ынталандырады. Сондықтан бұл реформа уақыт талабына сай дер едім, – деді сарапшы.

Бұл пікірді Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ профессоры, заң ғы­лымдарының докторы Жама­ладин Ибрагимов те қолда­ды. Оның айтуынша, әлем­дік тәжі­рибеде бір палаталы парламент­тің тиімді жұмыс істеп жатқан мысалдары көп. Сондай-ақ ол мәселені кең көлемде түсіну қажет екенін тілге тиек етті.

– Бұл реформа – тек бір пала­таны жою емес, жалпы үш би­лік тармағының өзара қа­рым-қа­тынасына әсер ететін жүйелі өз­геріс. Біріншіден, 180-ге жуық мемлекеттің 100-ден аста­мы бір палаталы парламент­пен жұмыс істейді. Оларда заң­на­малық үдерісті сүзгіден өткізе­тін басқа инс­титуттар бар. Біз де осы тәжірибеге сүйене аламыз. Екіншіден, заң жобалары екі палатаның арасында ұзақ талқыланып, қабылдануы кешеуілдеп келеді. Үшіншіден, қос палаталы жүйе мемлекет шығынын арттырады. Бүгінде экономистердің өзі мемлекеттік шығындардың бір бөлігі – екі палатаның аппараты мен комитеттерін ұстауға кететінін айтып жүр, – деді Ж.Ибрагимов.

Отырыс қорытындысында қа­тысушылар Парламенттің құ­ры­лымы мен жұмыс принцип­тері­нің өзгеруін саяси жаңғырудың маңыз­ды кезеңі және бұған дейін жүзеге асырылған институцио­нал­дық реформалардың қисынды жал­ғасы деп бағалады.

– Екі палаталы Парламент көбіне федеративтік елдерде кез­деседі. Осы тұрғыдан алған­да, «Бізге Сенат қажет пе, жоқ па?» деген сұраққа сарапшы ретін­де айтарым – бір жағынан, бір па­латалы Парламент бізге тиімді сияқты. Алайда екінші жағы­нан, елімізде қос палаталы жүйе белгілі бір дәстүрге айналып, қалып­тасып үлгерді. Бұл – маңызды фактор. Ендігі мәселе қоғам қалай шешетініне байланысты. Референдумға дейін әлі уақыт бар, сондықтан бұл төңіректе қоғамдық пікір толық қалыпта­сып үлгереді. Референдумның тиімді тұсы да осы – азаматтарды саяси және қоғамдық тұрғыда әлеуметтенуіне ықпалдасу, – деді Еуразиялық интеграция инс­титуты Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов.