
Бұл күндері 40-тың қырқасынан асқан Нұржан кезінде еліміздің белді балуандарының бірі болды. Ол 1999 жылы жасөспірімдердің әлем біріншілігінде топ жарса, 2000 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанды. Ересектер арасында Азия чемпионатында бес рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2006 жылы Алматыда алтын алса, 2005 пен 2010 жылдары күміспен күптелді. Ал 2003 және 2007 жылдардағы жарысты қола медальмен қорытындылады. Одан бөлек, Қатаев бірқатар аса ірі халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді.
Кәсіби спортшы ретінде мансабын аяқтағаннан кейін Нұржан бірқатар мекемелерде басшылық қызмет атқарды. Бұл күндері ол – Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті. Сонымен қатар, спортты өмірлік серігіне айналдырған қазақтың нар тұлғалы азаматы әлі де жаттығудан қол үзген жоқ. Қатаев түрлі жарыстарда жиі бой көрсетуде. Міне, кеше ғана ол ардагерлер арасында әлем чемпионы атанды.