Қоғам • Бүгін, 08:50

Саланы дамытуда инфрақұрылымның маңызы зор

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігі Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Mangystau International Tourism Forum халық­аралық туризм форумын Ақтау қаласында ұйымдастырды. Өңір­дің туристік, инвестициялық әлеуетін таныстыру, Орталық Азиядағы туризмді дамыту келешегін талқылау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатындағы келелі кеңеске ТҮРКСОЙ, Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ) сынды халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдар мен бизнестің өкілдері, инвесторлар, сарапшылар қатысты.

Саланы дамытуда инфрақұрылымның маңызы зор

– Туризмді дамыту – мемле­кет­­тің басым бағыттарының бірі. Туризмді қол­дау, қолай­лы ин­вестициялық ахуал қалып­тастыру, бизнеске жаңа мүмкін­діктер ашу бағы­тында мемлекет нақты шаралар қабылдап жатыр. Биыл Маң­ғыстау облысын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешен­­ді жос­пары бекітілді. Құжат аясын­да жалпы құны 401 млрд тең­гені құ­райтын 100-ден астам іс-шара қа­рас­тырылған. Форум өңір­дің жаңа мүмкіндіктерін аша­тын маңызды қадам болмақ, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Іс-шараның Маңғыстау өңі­рінде өтуі бекер емес, өйткені Маңғыстау – болашағы туризм саласымен тікелей байланысты саналатын, қазірде осы бағытта жақсы бастамалардың қазығы қағылып, ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып жатқан өңір. Туризм және спорт министрлігі әзірлеп, Үкі­мет қаулысымен қабылданған 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар өңірді 9 бағытта жүйелі дамытуды қамтиды. Турис­тер тартуға жан-жақты жағдай жасап, өңірдің одан әрі дамуына қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік бере­ді. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің турис­тік саласын дамытуға тоқта­ла келіп, инфрақұрылымдық жобалардың қалыпты іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

– Маңғыстау – мұнай мен газ ғана емес, сондай-ақ қайталанбас табиғи, мәдени мұрасы мол, ерекше өңір. Президент тапсырмасына сәйкес облысты туризмді дамыту бағытында жүйелі жұ­мыс­ атқарылып, туристер мен ин­весторларға тартымды орта­лыққа айналдыруға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мақсат – халқымыздың ұлттық дәстүрлерін сақтай оты­рып, Маңғыстауда туризм сала­­сын барынша дамыту ке­рек, – деген аймақ басшысы Маң­ғыстау өңірінің еліміздің туристік картасында айрықша орынға ие екендігін, Каспий теңі­зінің жағалауы, Бозжыра мен Қызылкүп шатқалының қайта­ланбас ландшафттары, бай тари­хи-мәдени мұрасы аймақты Орта­лық Азиядағы ең әлеуетті турис­тік бағыттардың біріне айнал­дыратындығын атап өтті.

Туризм саласындағы мем­лекеттік сектор мен халықаралық ұйымдардың, кәсіпкерлердің ортақ алаңына айналған форумда қатысушылар инвестиция тарту жолдары, инфрақұрылымды дамыту, туристік қызметтердің қолжетімділігі, ішкі әуе қатынасын дамыту мәселелері туралы кеңесті.

Маңғыстау Орталық Азиядағы туризм хабына айналып келе­ді. Мысалы, өңірге тартылып жат­қан ірі инвестициялық жоба­лардың қатарында «PANA» компаниясының құны 8,5 млн доллар «Sandyq» этно-мейрамха­насы мен ашылуы 2026 жылға жоспарланған «Tary» этно-ко­феханасы бар. Форум ая­сын­да инвесторларға 15 жыл­ға дейінгі жеңілдетілген несие­лер, 1:3 арақатынасымен бірле­сіп қар­жыландыру сынды жаңа мүм­кін­­діктер ұсынылды. Wellness, тұрақты туризм тақы­рып­тары тал­­қы­ланған «Қызмет пен қауіп­сіз­дік» сессиясында қытайлық «Zowoyoo Technology» компания­сы елі­мізді Қытай нарығында дамыту стратегиясын таныстырса, «Туристік қамқор» жүйесі отандық туристердің шетелдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ұсынды. Ұлт­тық статистика бюросы ішкі ту­ризм­ді бағалау әдістемесі жөнін­дегі жаңа жобасын таныстырды.

Форумда еліміздің MICE-индустриядағы орны талқыланды. Спикерлердің айтуынша, қазірде еліміз 87 елге визасыз режім ұсынып отыр, жаңа терминалдар ашылды, 45 конгресс-қонақүй іске қосылды. 2024 жылы елімізде 14 халықаралық іс-шара өткізіліп, шамамен 14 миллион доллар көлемінде экономикалық пайда әкелді.

Форум барысында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Бәйте­рек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Маңғыстаудағы бизнесті қолдау мен туризмді дамытуға бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асатын екіжақты келісім аясында шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың жаңа мүм­кіндіктері қарастырылған.

– Маңғыстау облысында биз­нестің даму әлеуеті зор. Мемо­рандум кәсіпкерлерге қажетті қара­жатқа қол жеткізуге, өндірісті кеңей­т­уге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Бәй­терек» өңір туризмін дамытуда сенімді әріптес болуға дайын. Хол­динг пен облыс әкімдігінің серік­тестігі Маңғыстаудың туристік тартым­дылығын арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашады, – деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.

Туризм және спорт министрлігі 2025–2028 жылдарға арналған курортты өңірлерді дамыту жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. 141 іс-шара енгізілген жобаны жүзеге асыру республикалық, жергілікті бюджеттерден, жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады. Е.Мырзабосынов биыл 1 қарашаға дейін өңірлерге қатысты инфра­құрылымдық қажеттілік картасын дайындауды аяқтап, әкімдіктер деңгейінде іс-қимыл жоспарларын бекітуді, кейбір өңірлерде әлі аяқталмаған туристік маршруттарды абаттандыру, бас жоспар­лар­ды цифрландыру жұмыстарын жан­дандыруды, халықаралық туризм және меймандостық уни­вер­ситетімен бірлесіп, жыл соңына дейін саладағы кадр тапшылығына талдау жүргізуді, 1 желтоқсан­ға дейін 2026 жылға арналған ірі тақырыптық іс-шаралар күнтізбесін дайындауды, оның ішінде кем дегенде бір ауқымды туристік іс-шара жоспарлауды тапсырды.

                             

Маңғыстау облысы