Республика күні • Бүгін, 17:40

Республика күні қарсаңында «Qazaqstan Barysy» турнирі өтеді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдан бері 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде кеңінен аталып өтеді. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, ел тәуелсіздігіне бастайтын алғашқы маңызды қадам жасалды. Бүгінде егемендік ұғымы біз үшін табиғи, қалыпты құбылыс болып көрінгенімен, оның астарында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-мұраты мен ерен еңбегі жатыр. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін ұмытпай, оны сақтау мен нығайту – бүгінгі ұрпақтың басты борышы, деп жазады Egemen.kz.

Республика күні қарсаңында «Qazaqstan Barysy» турнирі өтеді

Республика күні — тәуелсіздікке деген алғашқы нақты қадамның символы. Егемендік декларациясында Қазақстанның аумақтық тұтастығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, табиғи ресурстарға ие болу құқығы және мемлекеттік биліктің дербестігі алғаш рет заң жүзінде бекітілді.

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздігін жариялағанымен, 25 қазан сол тәуелсіздіктің құқықтық және рухани іргетасы саналады.

Жыл сайын Республика күніне орай еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды мәдени және патриоттық шаралар өтеді.

Мәселен, Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен XIV республикалық «Qazaqstan Barysy» турнирі өтеді. Бұл – ел намысын арқалаған ең мықты балуандардың бозкілемдегі шешуші айқасы.

Жарыс 18 қазан күні сағат 12:00-де басталады.

Аталған айтулы дода Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Турнирге облыстық іріктеу сайыстарының жеңімпаздары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үздік спортшылары қатысады.

Бұдан бөлек, өткен жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы мен «Әскер Барысы» жарысының екі балуаны да бозкілемге шығады. Жалпы, 43 балуан күш сынасады.

Республика күні — бұл тек тарихи дата емес. Ол — қазақстандықтардың ел бірлігін, еркін ой мен жауапкершілікті, мемлекет тағдырына деген сүйіспеншілікті дәріптейтін мереке.

Бұл күн — әрбір азаматқа ел тағдырының ортақ екенін, тәуелсіздік пен егемендік үшін ұрпақтар еңбегін құрметтеудің қажеттігін еске салады.