
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Мемлекет тарапынан қызылшаның әр тоннасына 25 мың теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Бұған қоса, зауыттар қосымша 15 мың теңге үстемеақы төлейді. Нәтижесінде, шаруалардың тәтті түбірді өткізу бағасы тоннасына 40 мың теңгеге жетіп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл Жетісуда қант қызылшасы шамамен 12,2 мың гектарға егілген. Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді, Көксу аудандарының шаруалары өнім жинауға кірісіп те кетті. Қазір 240 гектар алқаптан 10 мың тоннадан астам өнім жиналды. Орташа түсім гектарына 422,6 центнерді құрап отыр. Жинау жұмыстарына 113 комбайн мен 52 жапырақ жинағыш машина жұмылдырылған. Бұл техникалардың қуаттылығы күніне 700 гектарға дейін өнім жинауға мүмкіндік береді.
Одан бөлек, тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуға да мемлекеттен көмек беріледі. Шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағармай мен лизинг арқылы жаңа техника ұсынылған. Қызылша бағытындағы 25 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді, олардың қолында 450-ге жуық арнайы техника бар.
«Биыл 40 гектарға қант қызылшасын ектік. Жинау жұмысы қызу жүріп жатыр. Барлық қажетті техника бар, өнімді уақтылы өткізіп үлгеруге тырысамыз. Былтыр қыркүйекте тапсырып, он күнде жинап алсақ, биыл жұмысты қазанда бастадық. Жердің ылғалды болуы өнімге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Ауданымыздағы зауыт майбұршақты да қабылдайды, сол бағытта да жұмыс істейміз. Қолдау көрсетіліп жатқанын сеземіз, енді еңбек өнімділігіміз де соған сай болмақ», дейді Көксу ауданындағы шаруашылық иесі Мақсат
Әбдірахманов.
Қазір Ақсу қант зауытында өнім қабылдау басталып кетті. Бұл ауданда биыл 2 400 гектарға жуық алқапқа қант қызылшасы егілген. 94 шаруа қожалығы еңбек етеді. Жақын күндері көршілес Сарқан мен Алакөл аудандарының шаруалары да өнімдерін осы зауытқа жеткізеді. Ал ресми түрде қайта өңдеу жұмыстары 7 қазанда іске қосылады деп жоспарланған. Көксу қант зауыты болса, күніне 2 мың тоннаға дейін өнім қабылдауға қауқарлы. Жергілікті 136 шаруашылық маусымға белсенді қатысып отыр. Ақсу қант зауытының қуаттылығы тәулігіне 3 мың тоннаға жетеді. Аудандағы жас шаруалардың бірі Әлихан Қайратұлы да қант қызылшасы кәсібін алға сүйреп жүргендердің қатарында.
«Әкем де осы дақылды өсірумен айналысқан. Мен де сол істі жалғастырып келемін. Қызылшаның күтімі ауыр, бірақ еңбек ақталады. Зауытқа өткізу бағасының көтерілуі үлкен қолдау болды. Әсіресе субсидия мен арзандатылған жанар-жағармайсыз мұндай істі алып жүру қиын болар еді. Енді өнімнің сапалы болып, шығынсыз тапсырсақ деген ойдамыз», дейді жас шаруа.
Жетісу облысы