«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:55

Арқалық көркейіп келеді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірдің елді мекендерінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акция өтті. Арқалық қаласының тұрғындары жергілікті педагогика университетінің жаңадан жаңғыртылған үшінші оқу ғимаратының алдына, Ахмет Байтұрсынұлы аллеясына 500-ден аса қарағай, қайың көшетін отырғызды.

Арқалық көркейіп келеді

Күзгі ағаш отырғызу жұмысына мемлекеттік қызметшілер, студенттер, еріктілер, белсенді жастар, қала тұрғындары атсалысты. Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп қатысып, қала тұрғындарымен жүздесіп, көппен бірге көшет отырғызды.

«Бағдарлама аясында Арқалық қала­сында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Қалада бос тұрған ғимараттар қалпына келтіріліп, жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Сонымен қатар көппәтерлі 71 тұрғын үйдің қасбеті мен төбесіне жөндеу жүргізіліп, 21 мың шаршы метр аумаққа төсемтас төселді. Бос тұрған 46 ескі ғимарат бұзылып, ысырылып, қаланың ажары кіріп қалды. Арқалық пен қалаға қарасты елді мекендерден 95 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл – тұрғындар мен биліктің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осының бәрі Арқа­лықты көркейтіп, таза әрі заманауи қалаға айналдыру мақсатында жасалып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасады», деді Қ.Ақсақалов.

Экологиялық акцияға Арқалық жұрт­­шылығына жақсы танымал ұстаз­дар әулеті – Қолдасбаевтар отбасы да бел­сенді атсалысып, өз әулеттерінің атынан атаулы ағаш көшетін отырғызды.

«Көпшілік іс-шараға ұлымды, ке­лінімді, немерелерімді әдейі ертіп келдім. Әкем өмір бойы бала оқытып, ұстаздық етті. Өзім Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің доцентімін, ардагер ұстазбын. Немерем Ерлан да ұстаздық жолын таңдады. Бүгін – бәріміз үшін қуанышты күн. Өйткені тазалық акциясы ең алдымен өзімізге керек, халқымыздың экологиялық мәдениетін қалыптастыратын ізгілікке бастайтын мәні терең, маңызы зор іс-шара. Қолдасбаевтар әулетінің атынан үш түп қарағай көшетін отырғыз­дық. Енді балалармен ақылдасып, осы көшеттерді құр отырғызып, тас­тап кетпей, әрі қарайғы күтімін өз мойнымызға алайық деп отырмыз. Әбден тамыр жайып, бойлап өскен­ше осы жерге жиі келіп тұрамыз. Суарып, баптаймыз. Мемлекет басшысы Торғай өңірі Үкіметтің айрықша назарында болатынын айтты. Осының бәрі Арқалықтың, жалпы Торғайдың келешегі жарқын екенін көрсетеді. Бүгінде халықтың жағдайы жақсарып, қаламыз жылдан-жылға жаңарып, гүлденіп, көркейіп келе жатыр», дейді ардагер ұстаз Зина Қолдасбаева.

Тазалық акциясына, әсіресе, жер­гілікті 4 колледж бен Арқалық педагогика университетінің оқытушылары мен студенттері белсене атсалысты. Политехникалық колледждің студент­тері Ахмет Байтұрсынұлы саябағына 200-ге жуық ағаш көшетін отырғызды.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүгінде қалыпты өмір салтына, дәстүрге айналды. Акция басталғалы қаламызды көркейтуге, өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны, айналамызды таза ұстауға бағытталған сенбіліктер, бүгінгідей ағаш отырғызу жұмыстары жиі өтіп тұрады. Жалпы, Арқалық жастары Президент бас­тамасын қашанда қолдайды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы елді мекен­дердің санитарлық жағдайын жақсар­тудан бастап, жасыл аймақтарды қалпына келтіруге, инфрақұрылымды жаңғыртуға дейінгі кең ауқымды мін­деттерді қамтиды. Біздің Торғай өңіріне де ерекше назар аударылып жатыр», дейді қалалық жастар ресурстық орта­лығының басшысы Данияр Қожах­метов.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдар­ламасы аясында Қостанай облысында 22 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылған.

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы