Мирас • Бүгін, 08:00

Ұлттық аспаптар төрге озды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық аспаптар – халқымыздың рухы мен жанының айнасындай. Киелі қобыз көне жұрттың арман-тілегін боздатса, қара домбыра қазақтың өзіне айналып кеткелі қашан? Жыл өткен сайын ұлттық аспаптарымызға деген құрмет артып отыр.

Ұлттық аспаптар төрге озды

Қосшы қаласының қо­ғамдық мәдени-спорт кешенінде «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» респуб­ликалық қоғамдық бір­лес­тігінің құрылуына орай І рес­пуб­ликалық құрылтай өтті. Тағы­лымды іс-шараға Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, Мәжіліс депутаты Асхат Айма­ғамбетов, Қосшы қаласы әкі­мі­нің орынбасары Берген Жұм­­кейұлы, күйші Жанғали Жүзбай мен Қайрат Айтбаев, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Күләш Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ проректоры Раушан Нұртаза, аталған оқу орнының профессорлық-оқыту­шылар құрамы қатысты.

Жиында Асхат Айма­ғам­­бетов бірнеше маңызды мәсе­ленің түйінін ағытты. Олар­дың ішінде ұлттық аспаптарды мектептер мен колледждерге сатып алу жүйе­­сін жетілдіру, шеберлердің тәжірибесін ке­лесі ұрпаққа үйрету – дәстүр сабақтастығын үзбеу, ұлттық мұрагерлердің тізімін жасап, сертификаттау арқылы ресми қолдау көрсету, «Шебер», «Ұста» секілді мәрте­белерді ресми мойындау және қорғау қажеттігі сынды елеулі тар­мақ­тар бар.

– Бұл – материалдық емес мәдени мұрамызды сақ­тау­дың маңызды жолы. Өйт­кені әрбір шебердің қолынан шыққан домбыра, қобыз, сазсырнай – жай ғана аспаптар емес, халықтың үні, ұлт­тың жаны. Сондықтан шеберлерге тек мәдениет қызметкері емес, ұлт мұрасының сақшысы ретін­де де қарауымыз керек, – деді Асхат Аймағамбетов.

Жаңа құрылған ұйымның төрағасы болып айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров сайланды. Алқалы жиында қолға алып отырған жұмыс туралы айтқан Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі бірлестік жұмысына сәт сапар тіледі.

Іс-шараға еліміздің түкпір-түк­пірінен жиналған Жолаушы Тұрдығұлов, Нарбек Оханов, Сұлтан Мұсаев, Бақытжан Діл­манов, Бабыр Арғынов сынды шеберлер салаға қатыс­ты жүйелі мәселе көтеріп, қуа­нышын білдірді.

– Қазақ халқының рухани мұрасы мен музыкалық мәдениеті ғасырлар бойы саз аспаптарының үнімен ұштасып келеді. Қобыз, домбыра, сазсырнай, шертер, жетіген сияқты аспаптар тек музыкалық құрал емес, ұлттың рухани жадын сақтаушы рәміз ретінде таныл­ған. Құдай қаласа, бүкіл қазақ шеберлерінің мұң-мұқтажын айтатын, шеберліктің жолын әрі қарай жалғастыратын, соған байланысты үлкен мәселе­лерді шеше алатын айтулы одақ болады деп сенеміз, – деді Жолаушы Тұрдығұлов.

Сөз алған сарапшылардың пікі­рінше, елімізде 300-500 ара­сында му­зыкалық аспап шебері бар. Құ­рыл­тайда «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» бірлестігі кәсіби шеберлердің басын біріктіріп, ұлттық аспап өндірісінің сапасын арттыру туралы сөз болды. Сонымен бірге дәстүрлі технологияларды жаңғыртуды және жас мамандарды тәрбиелеуді басты назарда ұстап, осы жолда шәкірт тәрбиелейтін ұстаздар керегі айтылды. Ұйым алдағы уақытта шеберлердің біліктілігін арттыру курста­рын, көрмелер мен фести­валь­дар өткізу ар­қылы мәдениет­ті насихаттау іс-шараларын жоспарлап отырғанын алға тартты.

Айта кетсек, Қосшы қала­сының әкімдігі биыл наурыз ­айында қолөнер шеберлері­нің басын қосып, қоғамдық мәдени-спорт кешенінің іші­нен шеберлер залын ашқан. Ол зал­да елімізге және әлемге танымал шеберлер Бектас Кәрім­ұлы, Асхат Бо­зым­бай, Нұр­жан Ділманов, Әлия Қалиас­қа­ро­валардың бұйым­дары бар. Енді мұнда «Саз ас­пап­тары шеберлерінің одағы» рес­пуб­ли­калық қоғамдық бірлес­тігі­нің жұмысы жалғасады.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше