
Турнир баскетбол қоғамдастығы үшін ерекше мәнге ие. 18 жыл бұрын аудандық деңгейде бастау алған бұл жарыс, уақыт өте келе кең танымалдылыққа ие болып, облыстық дәрежеге жетті. Биылғы жылы алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің негізін қалаушылардың қатарында елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Тшанов, Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері Ермахан Ибраимов, Дәулет Тұрлыханов, Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадыраев сынды танымал тұлғалар бар. Турнирдің ашылу салтанатына Бақытжан Әбдібаевтың жақын туыстары мен достары, сондай-ақ бірқатар құрметті қонақтар қатысты.
«Бақытжан Әбдібаев соғыстан кейінгі жылдары өсіп, қиын жағдайда спортпен айналысқан. Еліміздің алдыңғы қатарлы баскетболшылардың бірі болып, КСРО құрамасының қатарына енді. Спортшы ретінде ғана емес, жас буын ойыншылардың тәлімгері ретінде де танылды. Турнир жай ғана жарыс емес, бұл – дәстүр мен рухтың жалғасы. Мұндай іс-шаралар арқылы жастар ел спортының тарихымен танысып, ерік-жігерін шыңдайды», деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров.
Турнирге Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Жетісу облыстары, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, 2010–2011 жылдары туған балалардан құралған 20 команда, 250-ден астам жас спортшы қатысты. Жарыс нәтижесінде Алматы облысының құрамасы жеңіске жетті. Жүлделі 2-орынды Талғар ауданының командасы, 3-орынды Жетісу облысының командасы еншіледі. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар мен құрмет грамоталары табыс талды.
Алматы облысы