Пікір • Бүгін, 08:50

Қоғамдық көліктің көлеңкесі

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Автобус – қоғамдағы ең кең таралған әрі қолжетімді көлік түрі. Ол күн са­йын мыңдаған адамның жұмысқа, оқуға қатынауына мүмкіндік береді. Әсіресе зейнеткерлер, оқушылар, студенттер мен аз қамтылған азаматтар үшін оның маңызы зор.

Автобус көлік құралы ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынас, ішкі мәдениет, әлеуметтік теңдік көрініс беретін орта. Міне, осы тұрғыда қоғамдық көліктегі қалып­тасқан жағдайды бүгінгі әлеуметтік-саяси өміріміздің нақты бір көрінісі деп батыл сеніммен айтуға болады. Қалың көпшілік қашанда көңілсіз, әлденеге қанағаттанбай, әлденеге ызалы кейіпте жүреді. Болмашы нәрсеге бола шартпа-шұрт ұрсыса кетуге дайын тұрады. Аңдамай сөйлеймін деп, әйелдер тұрмақ, балаңыздай жастардан әке-шешеңізден естімеген сөзді естіп қалуыңыз әбден мүмкін. Киім, тұрқы жып-жинақы әйел, келіншектер суырылып ала жөнелгенде кірерге жер таппай қаласыз. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке, қордаланған мәселеге деген өші-кегін бір сенен алғысы келгендей, бар бәле-бәтерді басыңа ақтара салудан тайын­байды.

Автобустардағы аса бір ыңғайсыз, тіпті ақылға сыймайтын көрініс – бүгінде көпшілік жастар үлкенге орын беру дегенді мүлде санадан шығарған. Ақ жаулықты аналар, ақ сақалды аталарды былай қойғанда, таяққа сүйеніп тұрған мүгедектерге де орын босатпай, бедірейіп отыра береді. Бірді-екілі ескерту жасап көріп едік, «біз де шаршап келе жатырмыз» деп қайырып тастады. Қашанғы шыдай береміз, бір-екі рет ашу үстінде балаларын соншалықты мәдениетсіз, тәртіпсіз өсіріп жатқан ата-аналарына сәлем айтқан болдық. Онда да өз балаңызды жөндеп алыңыз деген жауап алдық. Жалпы, жастардың кейбір көргенсіз, әдепсіз мінез-қылықтарына жағаңды ұстау аз, тіліңді жұтып қоюға болады.

Көпті көрген үлкендердің де жетісіп тұрғаны шамалы. Баршаға басалқы болады, жөнге шақырады дерлік жасы келген азаматтардың екі ауыз сөзге келмей дау көтеріп, тіпті бейәдеп сөздерді оңды-солды айта салғанының талай мәрте куәсі болдық. Ондай адамдар тіпті жанжалдаса, жағаласа кетуге де бар.

Қоғамдық көлікте байқалатын тағы бір келеңсіз жағдай – мәдениеттің төмендігі: бір-бірімен дауыстап сөйлесу, телефонмен қатты әңгімелесу, орынсыз музыка тыңдау, көлікті ластау секілді әрекеттер. Иін тіресіп, сығылысып тұрғанына қарамай, үлкен-кішінің бәрі смартфоннан бас алмай, ішіне кіріп кетердей болып тұратыны қалыпты көрініске айналған. Осының барлығы жиы­лып келіп, жолаушыларға қолайсыздық тудырады, қоғамдағы ортақ тәртіпке деген немқұрайдылықты танытады. Соның салдарынан қазірде автобусқа міне қалсақ, қай жерден шу шығып кетер екен деп, қылпылдап тұратын болдық.

Қоғамдық  көлікте көңіл толқытар, жүрек елжіретер көріністер де кездеседі. Бірде автобусқа міне қалып едім, қарсы алдымдағы орындықта шамасы 1-2-сынып оқитын қыз бала отыр екен. Сүйкімді-ақ. Байқамаппын, қалтарыста қарындасынан шамамен 4-5 жас үлкендігі бар ағасы тұр екен. Жетіп келді де, менің отыра берсін дегеніме қарамай, «Тұр, ағаға орын бер!» деп, әлгі балдырғанды сөмкесін өз мойнына асып, қолынан жетектеп, тұрғызып алды. Ол да жылы орнынан қозғағаныма ренжи қойған жоқ, ағасына сүйеніп, смартфонын шұқылап тұра берді. Неге екенін, бірер аялдамадан соң түсіп, қол ұстасып кетіп бара жатқан еліктей екі баланың бейнесі әлі күнге есімнен кетпей жүр. Мына қырық құбылған заманда балаларын уызынан жарытып, тәлімді тәрбие беріп отырған ата-анасына разы боласың. Таза қалыпта, алаңсыз өсіп келе жатқан қос құлыншақтың болашағы нұрлы, жарқын болсын деп тілеп отырамын іштей.

Иә, автобус – адамдардың тек межелі жерге жететін құралы ғана емес, сонымен қатар бір-біріне жауапкершілікпен қарауды үйренетін орта. Қоғамдық көлік­тегі әлеуметтік, моральдық ахуал – жалпы қо­ғамның мәдени, рухани келбетінің айнасы. Ондағы тәртіп, адамгершілік, өзара құрмет пен сабыр – әрбір азаматтың күнделікті өмірінде көрініс табатын құндылық. Сондықтан бұл кеңістікте моральдық нормаларды сақтау әр адамның борышы әрі мәдениетті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін әрдайым есте ұстаған жөн.