Көрме • Бүгін, 08:00

Пушкиннен Шолоховқа дейін...

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде «Пушкиннен Шолоховқа дейін: Уақыт үндестігі» атты көрме ашылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.

Пушкиннен Шолоховқа дейін...

Іс-шара Қазақстан халқы Ассам­блея­сы төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович алғы сөзімен ашылды. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова сөз сөйлеп, елеулі іс-шараға сәттілік тіледі.

– Бұл жай ғана мәдени іс-шара емес, дәуірлердің, ұрпақтардың және халық­тардың байланысы. Мәдениеттің ұлы миссиясын, яғни біріктіру және рухани тұтастықты сақтау ісін жалғасты­рып келе жатқанын айқын көрсететін жар­қын мысал. Батыс Қазақстан – тарих пен мәдениетке бай, қасиетті өлке. Дәл осы жер Еуропа мен Азияның түйіс­кен тұсы, ұлы жазушылар Пуш­кин, Толстой, Шевченко, Шолоховтың сөздері жаңғырып, мәңгілік рухани үн­дестік орнаған. Александр Сергеевич Пушкиннің есімі – орыс әдебиетінің ­алтын діңгегі, рухани ізгіліктің, гуманизм мен поэзиялық биіктіктің симво­лы. Оның Орал даласындағы сәттері, ха­лық тұрмысынан алған шабыт көздері ­ұлы мұраның ажырамас бөлігіне айнал­ды, – деді Дмитрий Останькович.

Аталған көрмені А.С.Пушкин музе­йінің меңгерушісі Асылжан Мыр­за­болатова таныстырып, тақырып­тың тереңіне бойлады. Көрмеде орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкин мен жаһанға белгілі жазушы  М.А.Шо­лоховтың қазақ жеріндегі шығар­ма­шылығы мен әдеби мұрасы көрермен назарына ұсынылған. Экспозицияда XIX–XX ғасырлардағы мұ­рағаттық деректер, сирек фотосуреттер, қолжазбалар мен басылымдар, сондай-ақ ақын мен жазушы тұрмыста қол­данған заттарға куә боласыз. Бойына сыр бүккен жәдігер­лер ұлттар арасын­дағы әдеби көпірді сезінуге мүмкіндік туғызады.

Пушкиннің 1833 жылы Орал өңірі­не жасаған сапары – орыс әдебиетінің тарихындағы ең шынайы әрі тағдырлы бетбұрыстардың бірі. Ақын қазақ даласына тек зерттеуші ретінде емес, рухани ізденіс үстінде келген болатын. Ақжайықтың кең даласы, халық­тың қонақжай мінезі мен ерлікке толы шежіресі данышпанға ой салған. Осы сапар әсерінен «Капитан қызы» мен «Пугачев тарихы» сияқты шығармалары дүниеге келді.

Ал жазушы Михаил Шолохов үшін қазақ даласы соғыс жылдарындағы өмі­рінің бір бөлігіне айналған қасиетті мекен. Ұлы Отан соғысы кезінде жазу­шының отбасы осы өңірде тұрған, дәл сол кезде ол «Адам тағ­дыры» мен «Тынық Дон» шы­ғар­ма­ларының бөлімдерін жазып, кейіп­керлерінің тағдырын ха­лықтың шынайы тұрмысымен байланыстырды. Қазақ жеріндегі кеңдік пен адам жанының беріктігі, дарқан­дығы туындыларына ерекше тыныс бер­гені даусыз. Сондықтан да қазақ даласы Шолохов үшін шабыттың бастауы ғана емес, екін­ші Отаны іспетті болды десек артық емес.

Батыс Қазақстан өңірінен жеткізілген жүзден астам жәдігер – екі халықтың ортақ рухани тарихының үнсіз куәгері. Әрбір экспонатта – өткен дәуірдің ізі, мәдениеттің тынысы, адам мен жер арасындағы мәңгілік байланыс жатыр. Бо­лашақта қос халық арасындағы әдеби сабақтастық жалғасын таба бе­рері ­дау­сыз.