Егемен Қазақстан • Бүгін, 08:10

«Балаларға сый жаса!» әлеуметтік жобасы іске қосылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада 2026 жылғы мерзімді баспасөз басылымдарына жазылу науқанының басталуына және Жазылушы күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Жиынды «Қазпошта» АҚ Астана поштамты ұйымдастырды.

«Балаларға сый жаса!» әлеуметтік жобасы іске қосылды

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Басқосуда «Қазпошта» АҚ «Бала­ларға сый жаса: газет-журналдарға жазыл» әлеуметтік жобасын іске қосты. Жоба қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды танымдық және ойын-сауық басылымдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни акцияның әрбір қатысушысы 3 мыңнан астам баспа басылымдарына: қоғамдық-саяси және ғылыми-көпшілік басылымдардан бас­тап балалар мен ойын-сауық басылымдарына дейін жазылуды рәсімдеп, оларды қамқорлық пен мейірімге мұқтаж балаларға бере алады.

– Белгілі қаламгерлер мен журна­листердің қолынан шыққан баспа ­басылымдары қашанда білім мен ақпарат­тың таптырмас қайнар көзі болған. Жазылушы күні – жур­на­листердің еңбегі мен олардың өмір­­лік ұстанымын құрметтейтін достар ­мен пікірлестердің кездесуі. Қазпошта ­үшін мерзімді баспасөзді тарату – ма­ңыз­ды әлеуметтік миссия. Үлкен қала бол­сын, шалғай ауыл болсын – бізге әрбір ­жазылушы қымбат. Пошташы­лар жыл сайын газет-журналдар­дың жаңа басылымдарын жеткізу үшін мыңдаған шақырым жол жүреді, ал сұрыптаушылардың қолынан күн сайын он мыңдаған дана өтеді. Әр үйге, әр жазылушыға пошташыларымыз арқылы жылы сөз бен ілтипат жетіп жатқанын мақтан тұтамыз, – деді «Қазпошта» АҚ пошта сервисі және мемлекеттік қызметтер жөніндегі басқарушы директоры Бағлан Оразбай.

Сондай-ақ ол «Қазпошта» АҚ-ның республикалық және өңірлік басылымдармен берік әріптестік қарым-қатынас орнатқанын айтты. Осы орайда іс-шараға қатысқан «Қазақ газеттері» ЖШС бас директордың бірінші орынбасары Виктор Пряников пен «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторы­ның орынбасары Орынбек Өтемұрат мерекелік ізгі тілектерін жеткізіп, ынтымақтастықты нығайта беруге ниетті екендерін айтты.

Жиында шеберлік сабақтары, мерзімді басылымдар жәрмеңкесі және бүкіл отбасы үшін тақырып­тық іс-шаралар да ұйымдастырылды. Алғашқы жазылушылар эксклюзив­ті сыйлықтар мен естелік кәдесый­лар алып, көпшілікті кітап оқуға деген сүйіспеншілік төңірегіне бірік­тірген игі бастаманың бір бөлігіне айналды.

Айта кетейік Ұлттық пошта операторы бүгінде 6 161 елді мекенді қамтитын 2 мыңға жуық бөлімшелері бар еліміздегі ең кең тармақталған филиалдар желісіне иелік етеді.