
Байқау жеңімпаздарына қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев диплом мен қаржылай сыйақы табыстады. Биыл сегізінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға оннан аса аула өтінім білдіріпті. Байқау үздіктерінің ішінен З. Шүкіров көшесі, №100Г үйдің тұрғыны Сәлима Көптілеуқызының ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. Екінші орынды (150 мың теңге қаржылай сертификаты) Қорқыт ата көшесі, № 239 үй тұрғыны Зайнап Бакирқызы иемденсе, ал ІІІ орын (100 мың теңге қаржылай сертификаты) Әйтеке би көшесі, №27 үй тұрғыны Валентина Алексеевнаға бұйырды.
Марапаттау рәсімінде «Бірлігі жарасқан аула», «Еңбекқор бағбан», «Әсем аула» номинациясы да табысталды. Қала тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, оларға қала әкімінің «Алғыс хаты» мен 70 мың теңге қаржылай сертификат табысталды.
Жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2025» тақтайшасы орнатылды.