
Жабық көрсетілімі 23-і күні Алматыда өтетін көркем фильмді ерекше атауымыздың себебі бар. Туынды желісі сонау 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында елді дүр сілкіндірген ауыр оқиғаға құрылған. Қару-жарақ дүкеніне жасалған қарулы шабуыл соңы қайғылы жағдайға ұласып, бейбіт тұрғындар арасында үлкен үрей туғызды. Жиһад идеясын ұстанған қылмыскер бірнеше қарулы шабуыл жасап, соның салдарынан қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапты. Оқиға соңында ол өзін-өзі жарып жіберіп, қайғылы жағдаймен аяқталды.
Сол күн халық жадында полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен мәңгі сақталды. Ол өзін құрбан етіп, ондаған адамның өмірін сақтап қалды. Мына «Капитан Байтасов» фильмі – сол ерліктің естелігі. Батырдың бұл ерлігі отансүйгіштіктің, парыз бен адалдықтың рәмізіне айналды десе болғандай.
«Капитан Байтасов» фильмі – драма мен экшн жанрындағы көрерменді терең ойға жетелейтін фильм. Жаңа туынды ерлік пен адамгершілік, ар мен намысты әйгілейді.
Көркем туындының қоюшы режиссері – Дәурен Қамшыбаев. Басты рөлдерді танымал әртістер Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат, Самал Еслямова сомдайды.