Спорт • Бүгін, 08:03

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан ел біріншілігі мәресіне таяп келеді. Қай клубтың топ жаратыны соңғы турда анықталады. Әзірге көш басында – 58 ұпай жинаған Алматының «Қайрат» футбол клубы. Олар 25-турдың матчын сырт алаңда өткізіп, «Қызылжар» клубын 0:1 есебімен жеңді. Чемпиондық атақтан үмітті «Астана» клубы өз алаңында «Ақтөбе» командасын 5:3 есебімен еңсерді. Олардың еншісінде 56 ұпай бар. Биылғы ел чемпионатында қай клубтың топ жаратыны 26 қазан күні Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Астана» арасындағы тартыста анықталады. Қостанайдың «Тобыл» клубы биылғы ел чемпиона­тында үздік үштікті түйіндеді.

Жарыс күнделігі
  • Семсерлесуден Астанада өткен «Мықтылар турнирінде» жерлестеріміз сегіз жүлдеге қол жеткізді. Олардың арасынан Алексей Касаткин, Ерлік Сертай, Владислава Андреева жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.
  • Ақтауда дзюдодан «Asian Open» турнирі ұйымдасты­рылды. Оған 10 мемлекеттен келген 250-ден аса татами шебер­і қатысты. Еліміздің балуандары 4 алтын, 15 күміс, 15 қола медаль жеңіп алғанымен, жалпы есепте Өзбекстан құрама­сына есе жіберді. Өзбектердің бес балуаны жеңімпаз атанды.
  • Тбилисиде мәнерлеп сырғанаудан «Trialeti Trophy 2025» халықаралық турнирі мәреге жетті. Өкінішке қарай, біздің қыздар бұл бәсекеде табысты өнер көрсете алмады. София Фарафонова 23, Амина Алексеева 24, Русалина Шакрова 25-орындарды қанағат тұтты. Грузиялық Анастасия Губанова топ жарса, екінші, үшінші орынды израильдік Мария Сенюк пен Оңтүстік Кореяның өкілі Ли Хэ Ин иеленді.
  • 7–21 қараша аралығында Сауд Арабиясында алауы тұтанатын Ислам ынтымақтастығы ойындарында еліміздің ауыр атлеттері қандай құрамда күш сынасатыны белгілі болды. Команданың бас бапкері Дәурен Бекмұхамбетов мына шәкірттеріне сенім артып отыр: Анатолий Савельев (65 кг), Едіге Емберді (79 кг), Нұрғиса Әділетұлы (94 кг), Артём Антропов (110 кг).
  • Үндістанның Ахмедабад қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Еліміз құрамасы жарысты 23 медаль – 8 алтын, 7 күміс, 8 қоламен қорытындылады. Біздің спортшылар әртістік жүзуден ең көп жүлде олжалады. Солардың алған алтынының арқасында жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Көш басында – Қытай, олар 54 жүлде (40+10+4) жеңіп алды. Үшінші орынды Жапония (5+12+4) еншіледі.
  • Шымкентте садақ атудан еліміздің кубогі аяқталды. Классикалық садақтан Ильфат Абдуллин алдына жан салмады, Дәулеткелді Жаңбырбай күміс, Александр Еременко қола медаль иеледі. Блоктік садақтан Бунед Мирзаметовтің мерейі үстем болса, Ақбарәлі Қарабаев пен Мұса Ділмұхамед жүлдегерлер санатына қосылды. Әйелдер сайысында Диана Тұрсынбек пен Виктория Лян алтыннан алқа тақты.