Таным • Бүгін, 07:45

Ақылды ұлтарақ

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жүріс – адамның тірек-қимыл жүйесінің көрсеткіші, денсаулығының айнасы. Алайда біз күнделікті өмірде қалай қадам басып жүргенімізге мән бере бермейміз. Аяқ ауырып, бел шаншығанда ғана мәселені байқаймыз. Осындай проблеманың алдын алу үшін отандық мамандар ақылды ұлтарақ ойлап тапты.

Ақылды ұлтарақ

Сурет: el.kz

Құрылғы адамның әр­бір қадамын ба­қылап, дене сал­ма­ғын, жүрістегі ауытқуларын анық­тап береді. Жобаны «ISSAI» құрамындағы жетіл­дірілген роботтехника және мехатроника жүйелері лабораториясы жүзеге асырып отыр.

Лаборатория меңгерушісі Азамат Ешмұхаметовтің айтуынша, құрылғының негізі – жа­санды интеллект пен наносенсорлар. Ұлтарақтың ішіне орнатылған жоғары дәлдіктегі сенсорлар адамның қозғалысын бақылап, нақты мәліметтерді компьютерге жібереді. Ал жүйе бұл деректерді талдап, экран арқылы көрсетеді. «Біздің жобамыз – қарапайым ұлтарақ емес, ол нақты диагноз қоя алатын құрылғы. Адам жүрген кезде қай тұсқа салмақ түсіріп жатыр, қозғалыс симметриялы ма, жоқ па бәрін бірден көруге болады. Біз мұнда өте сезім­тал наносенсорларды пайдаланамыз. Олардың көмегімен жүрістің дәлдігі мен салмақтың таралуын анықтаймыз», дейді зерттеуші.

Құрылғыны медицина саласында қолдану өте тиімді болмақ. Қазірдің өзінде бірнеше клиникада қанатқақты жоба ретінде пайдаланылып жатыр. Мамандар науқастардың табанына ұлтарақты салып, екі минут ішінде жүрісіндегі ауыт­қуларды анықтай алады. «Кейбір адамдар сырттай қарағанда дұрыс жүретіндей көрінеді. Бірақ ұлтарақты салып, нақ­ты көр­сеткішті көргенде, сал­мақты тек өкшесіне немесе бір жақ тізесіне ғана түсіріп жүргені анықталады. Мұндай қате жүріс уақыт өте келе буындарға, омыртқаға, аяққа салмақ түсіреді. Біз бұны ерте анықтап, адамдарға «сал­ма­ғыңызды оң аяққа теңдей түсіріңіз, фазалық қозғалысты өзгертіңіз» деген сияқты кеңес береміз. Мұның бәрін жасанды интеллект талдап береді», дейді Азамат Ешмұхаметов.

Ұлтарақ диагноз қойып қана қоймайды. Ол оңалту барысын да бақылап отырады. «Біз адамның денсаулығындағы өзгерісті дәл көрсетеміз. Нау­қастар апта сайын өзгерістерді өздері көріп, қарап отырады. Бұл оңалуға деген сенімді арттырады», дейді зертхана меңгерушісі.

Инженерлер болашақта құ­рылғыны спортшыларға, әс­кери қызметкерлерге, ауыр дене еңбегімен айналысатын жұмысшыларға бейімдеуді көздеп отыр. Себебі дұрыс жүріс – тек қозғалыс мәселесі емес, адамның жалпы денсаулығына әсер ететін маңызды фактор.