
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Талдықорған тұрғындары мен қала қонақтары жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей қолжетімді бағада балғын әрі сапалы өнімдерді сатып алды. Жәрмеңкеде шамамен 137 тонна болатын 54 түрлі өнім ұсынылды. Атап айтқанда, 19,1 тонна көкөніс, 12,1 тонна ет, 3,5 тонна балық, 1,4 тонна сүт өнімдері, 20,4 тонна картоп, 7,7 тонна жеміс-жидек, 4 тонна қант, 0,8 тонна бал және шамамен 72 тонна басқа да түрлі өнімдер саудаланды.
Сатушылар мен келушілер жәрмеңкенің қос тарапқа да тиімді екенін жеткізді.
– Бізде тауық етінен жасалған өнімнің түр-түрі бар, сонымен қатар жұмыртқаның бірнеше сортын ұсындық. Жәрмеңкеге 100 кило тауық еті, 50 кило балапан еті және қосымша субөнімдер алып келдік. Өнімдерге сұраныс жоғары, бұл оның сапалы және бағасының қолжетімді болғанын білдіреді. Мысалы, бір дана жұмыртқаның бағасы 25 теңге мен 55 теңгенің аралығында, – дейді «Когер ЛТД» ЖШС фирмалық дүкенінің сатушысы Айгүл Сатыбалдина.
Ақсу ауданының фермері Серікбол Қайратбек жәрмеңкеге қой етін алып келгендерін айтады. «Мал шаруашылығымен 10 жылдан бері айналысамыз. Талдықорғандықтар біздің өнімімізге риза болатынына сенеміз» дейді ол.
– Біз өнімдердің сан түрі мен төмен бағаларына риза болдық. Бәрі де әдемі, ұқыпты қойылған, көз сүйсінеді. Ет, балық, көкөніс сатып алдық. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен дейміз. Мереке қарсаңында халық игілігі үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің өткізілгеніне қуанамыз, – деді талдықорғандық Погореловтар отбасы.
Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Талдықорғанда ұйымдастырылған жәрмеңкеде 128,8 млн теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жоспарланған.