Аймақтар • Бүгін, 08:07

Олимпиада чемпиондарымен кездесті

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісу облысында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, спорт ардагерлері жастармен кездесті. Жылы шырайлы жүздесу «Бұқаралық спорт – болашақ жеңістердің бастауы» спорттық іс-шарасының аясында өткізілді.

Олимпиада чемпиондарымен кездесті

Жетісу облысы әкі­мінің бас­пасөз қызметі ха­бар­ла­ғандай, Тал­ды­қорғандағы «Жастар» спорт сарайына Олимпиада жұлдыздары Ер­махан Ибраимов, Ольга Ши­ши­гина, Юрий Мельниченко, Евгений Яровенко, Сергей Ко­тенко, Мәулен Мамыров, Вла­ди­мир Вохмянин, ел футболының аты аңызға айналған қақ­пашысы Құралбек Ордабаев, басқа да спорт саңлақтары келді. Бұқа­ралық спортты насихаттау, жас­тардың саламатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтыруға деген қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырылған кездесуге облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мек­тептерінің тәрбиеленушілері, жаттықтырушылары, жалпы білім беретін мектептердің спорт үйірмелеріне қатысатын оқу­шылары мен ата-аналар қатысты.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев қонақтарға жылы тілегін білдіріп, іс-шара Мемлекет бас­шы­сының бұқаралық спортқа маңыз беру туралы тапсырмасына сәйкес өткізіліп отырғанын жеткізді.

– Жетісудың жас спортшылары, сіздердің алдарыңызда Олимпиада чемпиондары отыр. Бір кездері олар да сіздер сияқты үлкен арманға ұмтылған жас бала болған. Бүгінде біздің олим­пиадашылардың үлгісі сіз­дерге мықты мотивация болады, өмірлік өнегесі мен еңбек­қорлық қасиеттері сіздердің жүрек­теріңізге жігер мен жалын ұялатады деп сенемін, – деді Б.Исабаев.

Мұнан соң қонақтар кезекпен сөз алып, жас спортшыларға ақыл-кеңестері мен тілектерін білдірді. Спортшыға керекті бас­ты қасиеттерді атап, шаршамай еңбектенуге шақырды.

– Бүгін осы залда отырған балалардың ішінен бәлкім 5-10 жылдан кейін әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері шығуы әбден мүмкін. Біз де үлкен жеңісті бала күнімізден армандадық. Серік Қонақбаев, Шәміл Сері­ковтерді теледидардан көріп, сол кісілерге еліктеп өстік. Жай армандап қою аз, ең бастысы тер төгу керек. Бұл жолда ең үлкен қарсылас – өзің. Өзін, өзінің жалқаулығын жеңген адам міндетті түрде чемпион болады, – деді бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов.

Мәскеудегі Олимпия ойын­­дарының чемпионы, ватерполшы Сергей Котенко:

– Бүгін сіздердің алдарыңызда спорттың қай түрінен болсын жеңістің шыңына шыққан азаматтар келіп отыр. Қай-қай­сынан да үлгі алуларыңызға болады. Жалпы, жүрегің қа­лайтын спорттың түрімен айналысу керек, сонда нәтиже шығады. Қазір тегін секциялар көп, спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Сондықтан мықты спортшы болу ең бірінші өздеріңе байланысты. Жетісу жері – бұрыннан талантты спортшыларымен танылған өңір. Алдағы уақытта да осы өлкеден әлемді мойындататын чемпиондар шығады деп ойлаймын, – деді.

Бұдан әрі кездесу жас­өспірімдердің спортшыларға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, пікір алмасуымен жалғасты. Спорт жұлдыздары бокс қолғабы, футбол добы сияқты спорттық құралдарға өз қолтаңбаларын қойып, балалармен бірге естелік суретке түсті. Балалар да бүгінгі шарадан алған әсері ерекше екенін айтты.

– Өзім Талдықорғандағы №18 мектепте 6-сыныпта оқимын. Екі жылдан бері жүзумен айналысамын, оған қоса үстел теннисі үйірмесіне барып жүрмін. Маған спортпен айналысқан ұнайды. Бүгін Олимпиада чемпиондары келеді деген соң оларды жүзбе-жүз көріп, спорттағы өмірі туралы тыңдауға асықтым, келгеніме қатты қуанып отырмын. Ол кісілердің жеңіс жолындағы түрлі оқиғаларын, жаттығудағы табандылықтары туралы әңгімелерді өз ауыздарынан естідік. Егер болашақта спортшы болуды таңдасам, осы кісілер сияқты чемпион болғым келеді, – дейді Рамазан Жұмабек.

Жетісудың аудан-қала­ла­рындағы 23 спорт мектебінде 23 мыңнан астам тәрбиеленуші спорттың 61 түрімен шұғыл­данады. Өңірде дене шынықтыру, спортпен айналысатын адамдар облыс халқының 42 %-ын құрайды. Жалпы, осы жылдың басынан бері өңір спортшылары республикалық, халықаралық деңгейлі жарыстарда мыңнан астам медаль жеңіп алған.