
- Парапауэрлифтингтен Мысыр астанасы Каирде өтіп жатқан әлем чемпионатында Давид Дегтярев топ жарды. 54 кг салмақта сынға түскен отандасымыз 567 кг көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – Азияның жаңа рекорды. Давид аталған жарыста үшінші мәрте жеңімпаз атанып отыр. Сондай-ақ Токио мен Парижде өткен Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалады.
- Черногорияның Подгорица қаласында өткен G-1 санатындағы турнирде еліміздің таеквондошылары қос жүлдеге қол жеткізді. 74 кг салмақта күш сынасқан Мақсат Орынбасар алтын тұғырға көтерілсе, 58 кг салмақтағы Әзірет Дүйсенбек қола медальды қоржынға салды.
- Құрлықтық хоккей лигасында күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті турда Новосибирскінің «Сибирін» қабылдады. Алғашқы таймда айдын иелері екі шайба соғып алға шықса, үзілістен кейін қонақтар үш голмен жауап қайырды. Соңғы 20 минутта астаналықтар таразы басын теңестірді. Овертаймда жеңімпаз анықталмады. Буллит соғу барысында «Сибирьдің» жолы болды. Есеп – 3:4.
- Алдағы айларда конькиден әлем кубогінің іріктеу сайыстары өтеді. Алғашқы сынақ 14-16 қараша аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында ұйымдастырылады. Екіншісін 21-23 қарашада Канаданың Калгариі қабылдайды. Үшіншісі 5-7 желтоқсанда Нидерландтың Херенвендінде, төртіншісі 12-14 желтоқсанда Норвегияның Хамарында өтеді. Сол жарыстардың қорытындысы бойынша Олимпия ойындарына қатысатын конькишілер анықталады. Іріктеу сынақтарына кімдердің қатысатыны қазіргі кезде Астанада шымылдығы түрілген Қазақстан кубогі барысында анықталады.
- Қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері, Oktagon лигасының чемпионы Жалғас Жұмағұлов (18-9) келесі кездесуін 29 желтоқсанда Прагада өткізеді. Ол өзінің чемпиондық атағын қорғап қалу үшін чехиялық Давид Дворжакпен (22-6) айқасады.