
Фестиваль аясында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға облыс, аудан әкімдігінің, салалық басқармалар мен кәсіподақ ұйымдарының алғысхаттары мен төсбелгілері табыс етілді. Олардың қатарында «Нұрасыл» шаруа қожалығының механизаторы Жүсіп Мәулешұлы, мектеп сантехнигі Рысбай Қожахметұлы, «Қайыр» шаруа қожалығының шопаны Нұрберген Хайроллаұлы, «Досжан» шаруа қожалығының малшысы Манарбек Бекенұлы, «Нұрқожа» шаруа қожалығының механизаторы Ерболат Қуанышұлы, «Ахат» шаруа қожалығының механизаторы Максим Әндірұлы, тағы басқалары бар.
Ветеринария саласының ардагерлері Марат Уахитұлы, Ерлан Қалдыбайұлы, Серік Опаұлы, Мергенғали Кәкімұлы, Сәбит Мәжитұлы Ауыл шаруашылығы Ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Мереке аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды, «Жыраулар шеруі», «Қадыр оқулары», ретро әндер фестивалі өтті. Әуесқой жыршы Сәкен Жанғазиев «Қыз Жібекті», белгілі өнерпаз, жыршы Фархат Оразов «Сырым батырды» жырлады. Ақжайық өңіріне танымал өрімші Ұлан Жанботаұлы қамшы өруден шеберлік сабағын өткізді. Белгілі тазы баптаушы Рауан Сатыбалдиев саят өнері туралы әңгімелеп берді. Жиын соңы жүлдесіне автокөлік тігілген ат бәйгесімен, арқан тарту, аударыспақ, қазақша күрес секілді ұлттық ойындарға ұласты.
Батыс Қазақстан облысы