Тұлға • Бүгін, 08:33

Сармалай күйшіні білеміз бе?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өз дәуіріндегі әйгілі сыбызғышы, танымал күйшінің бірі – Сармалай. Оның азан шақырып қойған аты – Садық болса да, орыс байының шаруасына жегілгендіктен, жұрт оны Сармалай деп атап кетіпті.

Сармалай күйшіні білеміз бе?

Сармалай күйші 1835 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Талдықұдық ауылында дүниеге келіп, 1885 жылы сол ауылда қайтыс болған. Күйшінің «Ақсақ құлан», «Бұлбұл», «Жетім қыз», «Қара жорға», «Қоңыр бұқа», «Нар идірген», «Сансызбай», «Шал бүркіт», тағы басқа күйлері халық арасында кең тараған.

Қазақ ішінде Сабыр, Сармалай, Макар, Шерубай, Сүлеймен сияқты атақты сыбызғышылардың есімі ел жадында қалған. Әрине, еліміздің әр жерінде сыбызғының жасалуы, күйлердің құрылымы әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Шығыс Қазақстанда сыбызғы үш ойықты болса, Батыс Қазақстандағы аспаптар төрт ойықты болып келеді. Батыс өңірі күйшілерінің арасында сыбызғыны да серік еткендер аз болмапты. Бірақ кейінгі кезде бұл аспап жойылып, сиреп кетті. Соған байланысты көптеген сыбызғы күйлері де ұмыт қала бастаған.

Әдетте сыбызғы күйлері сюжетке құрылады. Сармалай тартқан «Бұлбұл», «Нар идірген», «Боз інген», «Ақсақ құлан», «Салауат», «Бәтима», «Мұңды қыз», «Кең жайлау», «Жоқтау», «Той бастар», «Аңшының зары», «Кеңес» сияқты күйлер де қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық аспаптарынан сұлу әуендерді төгілтіп, бүгінгі ұрпаққа үзбей жеткізген Сармалайдай бір туар сыбызғышыны халық жадынан шығармасы анық.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде сыбызғышылар қатары сиреп бара жатқаны рас. Осынау сыйқырлы аспаптан саз төккен танымал күйші Сармалайды 190 жылдығы қарсаңында еске алып, осы мақаланы жазуды ұйғардық.

 

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ,

журналист

 

Батыс Қазақстан облысы