
Мысалы, марқұмның атына тіркелген пәтер, жер, көлік, депозит немесе зейнетақы жинағы бар болса, мұрагер соның бәріне иелік ете алады. Сонымен қатар егер оның төленбеген несиесі, коммуналдық қарызы немесе айыппұлы болса, сол да мұраға кіреді. Бұл мұрагер байлыққа да, қарызға да ие болады дегенді білдіреді. Көп адам осыны ескермейді. Кейін нотариуста рәсімдеу кезінде немесе банкпен есеп айырысқанда мәселе туындайды.
Заң бойынша, мұрагер өзіне тиген мүліктің құнына тең мөлшерде жауап береді. Егер адамнан 20 млн теңгеге бағаланған пәтер қалса, ал оның берешегі 15 млн болса, мұрагер бұл қарызды толық өтейді. Егер қарыз 25 млн болса, ол тек пәтердің құны, яғни 20 млн теңгеге дейін ғана жауап береді. Қалған бөлігі есептен шығарылады. Бұл – әділдік қағидатына сай жасалған норма.
Кейде адамдар «маған тек ақшасы керек, ал кепілдегі пәтері мен көлігі қажет емес» деп ойлайды. Бірақ заң бойынша мұра бөлшектенбейді. Егер мұраны қабылдасаңыз, бәрін бірге қабылдайсыз. Актив те, қарыз да сіздің иелігіңізге өтеді. Сондықтан шешім қабылдар алдында марқұмның барлық мүлкін және міндеттемесін нақты білу маңызды.
Тағы бір жиі кездесетін жағдай – мұрагердің асығыстықпен шешім қабылдауы. Адам қайтыс болған сәттен бастап 6 ай ішінде шешім қабылдау керек. Осы уақыт аралығында мұрадан бас тартуға немесе оны қабылдауға болады. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, мұрагер өз құқығын тек сот арқылы қалпына келтіре алады. Бірақ ол үшін дәлел қажет. Мысалы, шетелде болғаны, ауырып қалғаны немесе қайтыс болған туысы туралы кеш хабардар болғаны себеп бола алады.
«Мұраның құрамына не кіреді?» деген сұрақ та жиі қойылады. Мұраға үй, пәтер, көлік, жер, тұрмыстық техника, бағалы заттар, бизнес үлесі, тіпті банк шотындағы ақша мен зейнетақы жинақтары да кіреді. Әйткенмен, көп адам білмейтін бір нәрсе бар: марқұмның банк алдындағы қарызы да мұрамен бірге өтеді. Яғни адам несиесін өтемей өмірден өтсе, оны мұрагер өтеуге тиіс.
Тағы бір маңызды жайт – несиеге есептелетін өсімпұл мен пайыз да мұрагерге жүктеледі. Себебі адам қайтыс болған соң 6 ай ішінде мұрагерлік рәсімделмегенше, банк несиеге пайыз есептеуді жалғастыра береді. Сол себепті, мұрагер мұраға кіріскенше, қарыз да өсіп кетуі мүмкін. Мұндайда банкпен келіссөз жүргізіп, есепті нақтылап алу қажет.
Мұрагердің мойнына өтпейтін міндеттер де бар. Мысалы, алимент төлеу немесе моральдық шығынды өтеу міндеті мұрагерге өтпейді. Өйткені бұл – адамның жеке жауапкершілігі. Адам қайтыс болған сәттен бастап мұндай міндеттер бірден тоқтатылады. Қарапайым тілмен айтқанда, мұра тек байлық емес, ол үлкен жауапкершілік. Мұрагер болу дегеніміз – басқа адамның мүлкімен бірге оның өмір бойы жинаған қаржылық тарихын да қабылдау. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын эмоцияға емес, есепке сүйену керек.
Жеке кеңесім – ең алдымен марқұмның барлық активі мен қарызын тексеріп алу қажет. Егер оның несиесі болса, банкпен байланысып, нақты қарыз сомасын анықтау керек. Сонда ғана сіз неге ие болып жатқаныңызды, қандай жауапкершілікті мойныңызға алғаныңызды толық түсінесіз. Мұрагерлік туралы заң қарапайым болып көрінгенімен, ішінде өте маңызды қаржылық және құқықтық ерекшеліктер бар.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»