
Сурет: kt.kz
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәліметіне сүйенсек, қазір 3,9 мың гектар жүгері алқабы шабылып, 28 мың тонна дән жиналған. Биыл облыс бойынша жүгеріден 308 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.
«Бүгінге дейін жалпы 439,7 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде бидай, арпа, сұлы, жүгері, күріш бар. Орташа түсім гектарына 18,3 центнерді құрап отыр. Жиналған астықтың 260 мың тоннадан астамы мал азығына өткізілсе, 179,4 мың тоннасы қоймаға орналастырылды 12,6 мың гектар алқап немесе 11,8% майлы дақыл өнімі жиналып, гектарынан 17,7 мың тонна өнім алынды», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Оның айтуынша, 6,3 мың гектарға себілген картоптың 4,9 мың гектары немесе 78,2%-ы жиналып, 104,5 мың тонна өнім алынды. Әр гектардың өнімділігі 213,9 центнерден айналды. Көкөніс алқабының 5,6 мың гектары немесе 82,1%-ы жиналып, 169,7 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік – гектарына 301,6 центнер. Бақша дақылдары толығымен жиналып, 48 мың тоннадан астам өнім алынды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста күзгі дала жұмыстарына 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін 58,8 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бүгінде 1 904 шаруа қожалығы тарапынан 50,7 мың тонна немесе 86,3%-ы сатып алынып, пайдаланылған. Көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізуге Аграрлық несие корпорациясынан 14,3 млрд теңге бөлінген. Қазір 323 өтінім бойынша 7,4 млрд теңге несие беріліпті. Өтінім қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.
Одан бөлек, шаруалар 130 мың тонна картоп жиналады деп күтеді. Облыста 6 250 гектар жерге картоп егілді. Соның бүгінге дейін 65,5%-ы жиналып, 87,5 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Картоп жинауға Ескелді ауданының шаруашылықтары да белсене кіріскен. Бұл ауданда биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 53 408 гектар болса, соның 1 116 гектарына картоп себілген.
Жетісу облысы