Республика күні • Бүгін, 08:45

Егемендікке негіз болған рухани тұтастық

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекеттің тұрақтылығы қоғамдағы келісім мен өзара сыйластыққа байланысты. Әсіресе қазіргі жаһандық сын-қатерлер тұсында бұл қағиданың мәні бұрынғыдан да арта түсті. Ал Қазақстан осы бағыттағы стратегиялық қадамын ерте айқындап алды. Сонау 1990 жылғы қабылданған Егемендік декларациясы ел тәуелсіздігінің саяси іргетасы ғана емес, қазақ жеріне қоныстанған этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырған, рухани тұтастық пен біртұтас ұлт идеясын бекіткен алғашқы тарихи құжат еді.

Егемендікке негіз болған рухани тұтастық

Қазақ халқы ғасырлар бойы талай тарғалаң кезеңдерді бас­тан өткерді. Бірақ азаттықты аңсаған халықтың жүрегінде еркіндік рухы өшпейтіні сөзсіз. XX ғасыр­дың аяғындағы сол бір тарихи өзгеріс еліміздің еңсесін тіктеп, бабалардың арманына жол ашты.

Үрей мен үміт қатар алмасқан кезеңде таразы басында егемен ел болуға деген құлшыныс тұрды. КСРО қайта құру кезеңін бастағанда Балтық елдері ретімен өз дербестігін алып жатты. Ал Қазақ КСР Жоғары кеңесі арнайы комиссия құрып, оған академик Салық Зиманов төрағалық етіп, Егемендік декларациясын дайындауға кірісті.

Саяси алаңда шиеленіс күшейіп, пікірталас қыза түсті. Тіпті «Бізге ұлт­ара­лық араздық шақыратын мұндай декларациялардың қажеті жоқ», дегендер де болды. Бірақ барлық сауалға дәлелмен сенімді түрде жауап берген комиссия төрағасынан бөлек, сол кезде Жоғарғы Кеңестің құрамында болған Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Марат Оспанов сынды азаматтардың еңбегі, ақиқатында, қаһармандық дерсіз. Олардың тәуекелі мен дипломатиялық қарым-қабілеті, ақылы мен сабыры өз жемісін берді. 1990 жылы 25 қазанда дауыс беру нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясын қабылдап, азаттыққа сенімді қадам жасадық.

Құжат 17 тармақтан тұрды. Айшық­тап айтарлығы, онда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп танылды. Ал Қазақстан халқы ұғымына республикадағы барлық этнос өкілдері енгізілді. Сондай-ақ ел аума­ғының тұтастығы, оған қол сұғыл­майтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мем­ле­­кет­тің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде көрсетілді.

Егемендік декларациясы жарияланған сәтте елдің ішкі жағдайы күрделі еді. Кеңестік жүйе ыды­рап, қоғамда әлеуметтік және саяси тұ­рақсыздық туындады. Осындай елең-алаң тұста бірлік идея­сы, ұлттық құндылықтар қазақ жеріндегі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жетеледі. Тәу етер тәуелсіздігіміз жариялаған соң, бұл елдің рухани діңгегіне айналды.

– Саяси іргетассыз Қазақстанды қазір­гі заманғы өркениеттің арнасына қосу, бағаны бейтараптандыруды, қаржы жа­ғынан сауықтыруды, жекешелендіру­ді, нарықтық инфрақұрылым құруды, меншіктің барлық түрлерінің тең құ­қық­тығын көздейтін терең экономика­лық өзгерістерді жүйелі жүзеге асыру мүмкін емес. Тіпті ұлттық келісім мен этносаралық татулық идеясы еліміздің саяси-құқықтық тарихында алғаш рет Декларацияда айқын көрініс тапты. Сол кезде біз бір нәрсені анық түсіндік: тәуелсіз мемлекеттің болашағы – ел ішіндегі бірлік пен өзара сенімге, әр этностың тең құқылы дамуына тікелей байланысты. Бұл идея уақыт өткен сайын тереңдей түсті. Ол Конституцияда, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуында, ал бүгінде Жаңа Қазақстанның реформаларында жалғасын тауып отыр. Парламент – осы идеяларды нақты іске айналдыр­ған негізгі саяси институттардың бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап дәл осы жерде – заң шығарушы билік толеранттылық пен теңдік қағидаттарын бекіткен заңдар қабылданды, – дейді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

Қоғамның біртұтас даму моделі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуынан және оған Парламентте конс­­титуциялық өкілдік берілуінен көрініс тапты. Бүгінде Ассамблея ұсынған депутаттар Сенат құрамында жұмыс істейді. Ал Мәжіліс пен Сенат депутатынан құрылған «Бір ел – бір мүдде» атты топ этносаралық саясат, мәдениет, білім, бұқаралық ақпа­рат құралдары, тіл саясаты және т.б мәсе­лелерді талқылайды. Осылайша Пар­ла­мент қоғамдағы келісім мен тату­лық­тың заңнамалық негізін нығайтып келеді.

– Парламент этносаралық қатынас­тарды нақты іспен бекітті. Қазір де депутаттар мектеп пен балабақша бағ­дарламаларында «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидатын енгізу, этножурналис­тиканы және шетелдегі қазақтілді БАҚ-тарды қолдау бағытында бас­тамалар жасап отыр. Осының бәрі – қоғамдық сананы жаңартуға, азаматтық бірегейлікті күшейтуге бағытталған. Бүгінгі Пар­ла­мент – заң шығаратын институт қана емес, қоғам мен билік арасындағы көпір. Мәжілістегі Қоғамдық палата, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы, e-petition және Mazhilis Live сияқты электронды сервистер азаматтардың заң шығару үдерісіне тікелей қатысуына жол ашты. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты іске асырылып отырғанын айғақтайды. Этносаралық тұрақтылықтың мәні – айырмашылықтардан арылу емес, олар­дың құндылығын мойындау. Сондықтан қоғамда қандай өзгеріс болсын, біз бір қағидатты ұстанамыз: «Бірлігіміз әралуандылықта», – дейді Н.Дементьева.

Осылайша, елдегі бейбіт өмір мен қоғамдағы келісім Декларацияда бас­тау алып, бүгінде «бірлігіміз – әралуан­дылықта» қағидасымен сабақтасып, жаңа мазмұнға ие болды. Енді осы құндылықты сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – жаңа буынның міндеті.

– Біз жастар арасында бірлік пен келісім қағидаттарын насихаттайтын жобаларды іске асырамыз. Тек ел аумағында ғана емес, «Ассамблея жас­тары» ұйымы мәдениетаралық коммуникациялар моделін, халықаралық деңгейде де табысты ілгерілетіп келеді. Мысалы, биыл Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінің алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының жас­тармен жұмыс тәжірибесі ұсынылды. Бұл қоғамдық келісімнің бірегей отандық моделін және жастар бастамаларын қолдау нәтижелерін көрсетуде, дәріптеу тұрғысынан елеулі қадам болды. Жалпы, жас ұрпақ жасампаздыққа ұмтылады және жаңалыққа құштар. Олардың әр жетістігі, табысы мен жеңісі патриотизмінің айқын үлгісі екеніне сенімдімін, – дейді «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев.

Бірлігі жарасқан ел ғана биік белесті бағындырады. Сондықтан дамудың даңғыл жолында бірлік, этносаралық келісім, татулық құндылығын сақтау маңызды.