Пікір • Бүгін, 07:48

Өңір дамуына серпін беретін жоба

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Кia Qazaqstan» зауытының іргетасы 2023 жылдың қараша айында қаланды. Қысқа мерзім ішінде мұндай ірі әрі заманауи зауытты салып шығу оңай болған жоқ. Осының бәрі екіжақты әріптестіктің, бірлік-ынтымақтың нәтижесі деп білемін.

Өңір дамуына серпін беретін жоба

Сурет: kolesa.kz

Зауыт құрылысы барысында инженер құрылысшы­ларымыз мол тәжірибе алды. Жалпы, Қостанай облысын машина жасау өндірісінің орталығына айналдырғымыз келген. Бүгін сол мақсатымызға жеттік деп нық сеніммен айтуға болады.

Биылғы шілдеден бастап зауытта автомобильдер құрастырыла бастады, ал бүгін біз сериялық өндіріске көшіп отырмыз. Жыл соңына дейін кемінде 3 мың, ал келесі жылы 30 мыңға жуық көлік шығарылады, оның 20 мыңы ұсақ торапты әдіспен (CKD) өндіріледі. Бұл зауыт – заманауи автомобиль жасау технологияларын, атап айтқанда, максималды автоматтандыру мен цифрлық басқаруды қолданатын әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық өндіріс орны саналады.

Машина жасау саласын дамыту өңірдің дамуына мультипликативтік тұрғыдан әсер етеді. Атап айтқанда, машина жасау саласында бір жұмыс орнын құру басқа салаларда бес-алты жұмыс орнының пайда болуына септігін тигізеді. Өндірістерді локализациялау деңгейін арттыру үшін жаңа зауыттың айналасында құрамдас бөлшек жеткізушілері ретінде шағын және орта бизнес белдеуі құрылады.

«Кіа» зауытын қажетті маман­дар­мен қамтамасыз ету мақсатын­да өңірлік колледждер мен жоғары оқу орындарында машина жасаудың 5 бағыты бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Олардың ішінде машина жасау технологиясы, автоматтандыру және басқару, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, қара металл өңдеу, дәнекерлеу тәрізді мамандық түрлері бар. Аталған мамандықтарды игеретін студент-жастардың білім-тәжірибесін ұштау мақсатында өңірдегі бірне­ше оқу орнына жан-жақты материал­дық-техникалық қолдау көрсетілді.

Инвесторлар ең алдымен, өн­діріске қолайлы инфрақұ­ры­лым­ның бар-жоғына қарай­тыны бел­гілі. Сондықтан жобаны ой­да­ғы­­дай іске асыру мақсатын­да зауыт­­қа бөлін­ген жер аума­ғын ин­­же­нер­лік-коммуникациялық инф­­ра­құ­ры­лым­мен қамтамасыз ету ба­ғы­тында да ауқымды жұ­мыс ат­қарыл­ды. Оның сыртында, жаңа зауытты қажетті шикізат­пен қамтамасыз ету, да­йын өнімді үздіксіз тасымалдау мақ­сатында ұзын­дығы 4,2 шақырым кіре­­бе­ріс тас жол және тек зауыт қа­же­ті­не ғана пайдаланылатын 5 ша­қы­­рым­­дық теміржол торабы салынды.

 

Құмар Ақсақалов,

Қостанай облысының әкімі