
Сурет: zakon.kz
Бүгіннен бастап көптен күткен жаппай өндіріс тәртібіне көштік. Мен «Кia Qazaqstan» зауытының дәнекерлеу цехын басқарамын. Цехтың жалпы ауданы 14 мың шаршы метр болады. Мұнда бір ауысымның ішінде 125 дәнекерлеуші жұмыс істейді.
Екі ауысымдық жұмыс режімінде жылына 50 мың шанақ құрастырамыз. Яғни сағатына шамамен 16 шанақ жасап шығарамыз. Ал кәсіпорын толық өндірістік қуатына көшкен соң, бұл меже 70 мыңға дейін артады. Цехтағы өндірістік желілердің 58%-ы автоматтандырылған. 41 дәнекерлеу роботы жұмыс істеп тұр. Жалпы, негізгі желілердің 96%-ы автоматты режімде жұмыс істейді. Роботтар шанақтың қаңқасы мен негізгі сүйектерін дәнекерлейді. Қол жұмысын қажет ететін желілерде біздің мамандар шанақтың орталық, артқы бөлігін, алдыңғы, артқы еденін, сол жақ және оң жақ доңғалақ белдемесі сияқты қосалқы тораптарды дәнекерлейді. Дәнекерлеушілердің жұмысынан кейін шанақ бояу цехына кіреді.
Біріншіден, Қостанайда «Kia» брендтерін жасап шығаратын жаңа зауыттың ашылуы – жалғыз осы өңір немесе еліміз үшін ғана емес, бүтіндей Орталық Азия мемлекеттері мен ТМД кеңістігіндегі елдер үшін де аса маңызды оқиға. Яғни біздің зауыт еліміздің экспорттық әлеуетінің арта түсуіне айтарлықтай ықпал етеді.
Екіншіден, «Кia Qazaqstan» зауытында көбіне жастар жұмыс істейді. Демек, жастарға шетелге шықпай-ақ, осы өзіміздің кәсіпорынның ішінде жүріп автоөнеркәсіп саласындағы озық технологияны меңгеріп, «ақылды» желілерде жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр. Мұның сыртында, көптеген жас маман шетелдік инженерлердің жетекшілігімен арнайы біліктілік арттыру курстарында оқып, білім алып, оны тәжірибеде көрсетіп, өздерінің осындай заманауи кәсіпорында еңбек етуге лайықты маман екенін дәлелдеді. Осы арқылы сапалы әрі жаңа құзыретке ие жұмысшылардың жаңа буыны қалыптасты. Әрине, алдағы уақытта да білім-білігімізді арттырып, өндірістің жаңа белестерін бағындырамыз деген ойдамын. Үйренеріміз әлі де көп.
Үшіншіден, «Kia» басшылары келешекте локализацияны мықтап қолға алуды жоспарлап отыр. Көп кешікпей «Kia» автокөліктеріне қажет бөлшектер де өзімізден шыға бастайды. Бұл екі ел үшін де тиімді болмақ.
Дмитрий Парфенов,
«Кia Qazaqstan» зауыты дәнекерлеу цехының бастығы