
Сурет: ortalyq.kz
Біздің бөлімде заманауи технологиялар енгізілген. Бұл әдіс үш қабатты бояуды бір циклде жағуға мүмкіндік береді. Яғни бұрынғыдай әр қабат жеке кептірілмейді, барлық үдеріс бір тізбекте өтеді. Соның арқасында бояу сапасы тұрақты деңгейде сақталып, уақыт пен энергия үнемделеді. Мысалы, дәстүрлі әдісте әр қабат үшін жеке пеш қажет болса, жаңа жүйеде оның бәрі бір кезеңде орындалады.
Экологиялық талаптар – біздің цехтың басты басымдығының бірі. Осы бағытта «Artio» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе бояу үдерісі кезінде бөлінетін ұшпа органикалық қосылыстарды жоғары температурада толық ыдыратып, оларды көмірқышқыл газы мен су буына айналдырады. Сонымен қатар үдерісте пайда болған жылу қайта қолданылады. Бұл тәсіл газ және электр энергиясының шығынын азайтып, жалпы өндірістің экологиялық қауіпсіздігі мен энергия тиімділігін арттырады.
«Kia Qazaqstan» зауытының іске қосылуы еліміз үшін үлкен жетістік болды. Енді бізде автокөліктерді толық өндірістік циклмен дайындап, сыртқа шығаруға мүмкіндік туды. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инженер мамандарының кәсіби дамуына жол ашып отыр. Зауытта қазір жүздеген жас маман еңбек етеді, олардың көпшілігі арнайы оқу орындарында дайындықтан өткен. Бір бөлігі Кореяда тағылымдамаға қатысқан.
Өндірістің осындай деңгейге көтерілуі технологиялық тәуелсіздікті нығайтып, Қазақстанды Орталық Азиядағы автомобиль өндірісінің жаңа орталығына айналдырады. Бұл – тек зауыт емес, елдің инженерлік әлеуетін көтеріп, заманауи өндіріс мәдениетін қалыптастыратын орта.
Біздің мақсатымыз – жоғары сапалы өнім шығарып қана қоймай, экологиялық және технологиялық тұрғыдан жаңа стандарт қалыптастыру. «Kia Qazaqstan» зауытының тәжірибесі болашақта отандық машина жасау саласының дамуына серпін береді деп сенемін.
Әмірхан АМАНЖОЛОВ,
«Kia Qazaqstan» зауыты бояу цехының инженер-технологі