Республика күні • Бүгін, 12:13

«Ұста өнерінің сан қыры» кітабының тұсауы кесілді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республика күні қарсаңында Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде ұста, зергер, суретші-реставратор, ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Суретшілер одағының және Дизайнерлер одағының мүшесі Ерғазы Исатаевтың 60 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ұста өнерінің сан қыры» кітабының тұсауы кесілді

Кеш қолөнер шеберінің ұзақ жыл бойы ұлттық қолөнерді дамытуға қосқан еңбегіне арналды.  Алдымен алтын қолды зергердің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен бейнебаян көрсетілді.

«Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты көрмеге туындылары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин кеш иесін мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар мерейтой иесіне «Amanat» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова жылы лебізін білдірді.

Ерғазы Кеңесұлының шығармашылығына арналған «Ұста өнерінің сан қыры» атты жаңа кітаптың тұсауын ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, ұлттық киім дизайнері Тілек Сұлтан және  қолөнер шебері, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сарбас Жүнісов кесті.

Мерейлі жасқа келген кеш иесіне ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов пен Ұлытау облыстық филармониясының әншісі Ардақ Мұқышев әннен шашу шашты.

Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінің директоры Зағира Қалменова  және музей ардагерлері дәстүр жалғастығын дәріптеп келе жатқан Ерғазы Кеңесұлының ұлттық өнерге қосқан зор үлесін құрметпен атап өтіп, музей ұжымы атынан естелік сый-сияпат жасады.

Ұлытау облысы