Спорт • Кеше

«Қызғылт қазан» марафонына 150-ге жуық әйел қатысты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қонаевта сүт безі қатерлі ісігіне қарсы айлық аясында «Қызғылт қазан» марафоны өтті, деп жазады Egemen.kz.

«Қызғылт қазан» марафонына 150-ге жуық әйел қатысты

Оған 150-ге жуық әйел қатысты. Марафоншылар түрлі жас категориялары бойынша сынға түсті. Сондай-ақ қаланың жасы 50-ден асқан белсенді тұрғындары скандинавиялық жүріс бойынша жарысты.

Марафоншылар Жамбыл көшесіндегі аллея арқылы жағажайға дейінгі және қайтар бағыттағы жолды еңсерді.

Шараның ашылу салтанатында: «Қоғамда әйелдердің орны бөлек. Нәзік жандыларсыз біздің өмірді елестету мүмкін емес. «Қызғылт қазан» айы сіздердің денсаулықтарыңызға, қатерлі ісіктің алдын алуға бағытталған ай. Тәні саудың – жаны сау. Сол себепті үнемі дәрігерлерге тексеріліп жүруге кеңес береміз. Марафонда баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.

Ал қалалық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова сүт безі қатерлі ісігі жайлы деректерге тоқталып өтті.

«Қызғылт қазан» – тек акция емес, бұл ауру туралы ақпараттандыру, қолдау мен әйелдер өмірін өзгертуге көмек көрсету айы. Егер обырды дер кезінде анықтаса, 90% жағдайда емделіп кетуге мүмкіндік бар. Маммологқа тексеріліп, УДЗ-дан жыл сайын өтіп тұрыңыздар. Бүгінгі марафон денсаулыққа ұмтылу мен тек алға бағыт алудың нышаны болсын. Барлықтарыңызға бақыт, шаттық, табыс тілеймін» – деді.

Жарыс нәтижесінде жеңімпаз атанғандарға бағалы сыйлықтар, медальдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

«30 жасқа дейінгілердің арасында 1-орынды иелендім. Жарыс өтетіні туралы естіген сәттен-ақ қатысуға бел будым. Ұйымдастырушыларға рақмет. Қаламыздың әйелдері аман болсын! Марафон жоғары деңгейде өтті», – деді Аделина есімді қатысушы.

Сонымен қатар жылжымалы медициналық кешенде 65 әйел маммография мен УДЗ-дан тегін өтті.

Қонаев қаласының әкімдігі марафонның өтуіне демеушілік көрсетіп, серіктес болған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Алматы облысы.