
Бұған дейін дарынды күйшінің мұндай жеке кеші өтпеген екен. Қасиетті домбыраның үні күмбірлеген күй кешіне жұртшылық көп жиналды.
Қайрат Айтбаев – Арқа күйшілік мектебінің өкілі. Шертпе күйдің шебері. Сондай-ақ ол – ізденімпаз зерттеуші. Тәттімбет мұрасын зерттеп, айтулы тұлғаның біраз шығармасын нотаға түсірген. Сондықтан бүгінгі кешін ұлы күйшінің мерейтойына тегін арнап отырған жоқ.
Талантты өнерпаз жиылған қауымға ең алдымен Тәттімбеттің туындыларын ұсынды. Оның «Сарыжайлау», «Қырмызы Қосбасар», «Сылқылдақ» күйлерін нақышына келтіріп орындады. Ұлы күйшінің шығармалары – нәзік сырға толы. Адамды бірден елітіп әкетеді. Жан-дүниеңіз біресе ойға, біресе мұңға батады. Кейде көз алдыңызға көк шалғыны жайқалған жайлау келеді. Тіпті кешкі ымырттағы даланың әуезді әуенін тыңдағандайсыз. Алыстан тұлпарлар тұяғының дүбірі естілгендей болады. Кеш иесі Әбікен Хасеновтің «Қоңыры» мен Төлеген Момбековтің «Салтанатын» тартқанда да осындай сезімді бастан кештік. Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің сирек орындалатын «Көкшетау» шығармасын күмбірлетті. Бұған қоса, басқа да көрнекті күйшілердің туындыларын тарту етті. Жалпы, Қайрат күйді бабына келтіріп тартады. Тыңдарманды күй сазына жіпсіз байлап қояды.
Кеш барысында күймен бірге әсем ән айтылып, жыр оқылды. Айталық, белгілі күйші Жанғали Жүзбай, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, термеші Күнсұлу Түрікпен, күйші Нұрмұхамет Жақанов және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Венера Табыс, Айдос Саниязбекұлы, Мұрат Сұлтанбай, Әлихан Молдабекұлы, Айтолқын Тоқтаған өнер көрсетіп, көрермен ризашылығына бөленді. Жас ақындар Төлеген Меллат пен Тілеубек Батыс дүркіретіп жыр оқыды. Кешті ақын, Жазушылар одағының мүшесі Ұмтыл Зарыққан аяққа құйған астай жинақы жүргізіп, кеш иесінің болмысын кестелі жырмен өрнектеп отырды.
Мәдени шара соңында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов сөз алып, осыдан екі жыл бұрын Түркияда Тәттімбет атамызға ескерткіш қойылғанын айтып, ұлы тұлғаға арнап керемет күй кешін арнаған Қайрат Айтбаевқа жылы лебізін білдірді.