
«Инклюзивті білім беру» ұғымы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында бекітілген, бұл барлық баланың ерекше білім беру қажеттілігі мен жеке мүмкіндігін ескере отырып, білім алу құқығына кепілдік береді.
Заңнамалық деңгейде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды барлық білім деңгейінде оқытып, арнайы жағдай жасауға мемлекеттік кепілдік берілген. Сондай-ақ білім беру қажеттілігін бағалауды, психологиялық-педагогикалық қолдауды, оқу жоспарын, бағдарламасын және оқушы жетістігін бағалау жүйесінің әртүрлілігі мен икемділігін қамтамасыз етуге қатысты нормалар енгізілген.
Бүгінде елімізде 6 мыңнан астам мектепте (90%) инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Соның ішінде кедергісіз қолжетімділік және қажетті мамандармен қамтамасыз етілді. Инклюзивті біліммен 100 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді жүзеге асып отыр. Жоба аясында 460 мың оқушы орны ашылады.
«Келешек мектептері» жобасы аясында педагогтер мен оқушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіздік жағдайы жасалған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған кеңістікті бейімдеу қарастырылған. Сондай-ақ психолог, әлеуметтік педагог, логопед және басқа мамандарға арнайы кабинет жабдықталған. Мұнда арнайы педагогтер, педагог-психологтер, педагог-ассистенттер сияқты білікті мамандар жұмыс істейді. Олар ерекше қажеттілігі бар балаларға көмектеседі.
«Келешек мектептері» инклюзивті білім қағидасын кәдімгі жалпы білім беретін мектеп секілді толық жүзеге асырады. Білім ордасында ғимараттарды жобалау кезінде кедергісіз орта талабы ескерілген: пандус, жеделсаты, кең өткел, арнайы санитарлық торап және нашар көретіндер мен есту қабілеті төмен адамдарға арналған навигация жүйесі жасалған.
Оқу үдерісі – баршаға қолжетімді. Оның аясында жеке оқу бағдарламасы, педагог-ассистенттер мен психологиялық-педагогикалық қолдау жүзеге асады. Сонымен қатар STEM зертханалары мен интерактивті тақталар сияқты заманауи технологияны ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен бірге әрбір оқушы пайдаланады.
Кейінгі екі жылда жаңа форматтағы 176 мектеп салынды. Биыл жыл соңына дейін тағы 41 мектеп пайдалануға беріледі.
Бұлбұл ЕЛЕУСІНОВА,
Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры