Оқиға • Кеше

Арқалықта тойға барған 85 адам астан уланып, ауруханаға түсті

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Науқастар қазір Арқалық, Торғай, Қостанай ауруханаларында жатыр. Әлеуметтік желіде ауруханада орын жетпей жатыр деген ақпарат тараған. Алайда мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды. Санитарлық-эпидемиялогиялық қызмет мамандары той болған дәмхананы тексеріп жатыр. Ал полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 304 бабы бойынша іс қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Арқалықта тойға барған 85 адам астан уланып, ауруханаға түсті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 20 қазанда Арқалық қаласының, Жангелдин аудандық ауруханасына, облыстық ауруханаға азық-түліктен улану диагнозымен науқастар жүгінді. Науқастарда іштің өтуі, дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік белгілері болған.

Олардың бәрі дер кезінде Қостанай облыстық ауруханасына, Арқалық қаласы мен Жангелдин аудандық ауруханаларына жатқызылды. Жангелдин ауданында 27, Арқалықта 52, облыстық ауруханада 6, барлығы 85 науқас емделіп жатыр. Қазір  жағдайлары қанағаттанарлық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, санитарлық авиация желісі арқылы жұқпалы аурулар дәрігерлері, терапевт, педиатор мамандар бригадасы Торғай өңірінде жүр.  

Облыстық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті жұқпалы ауруға қарсы қажетті санитарлық іс-шаралардың бәрі атқарылып жатқанын айтты.

«Тергеу басталды. Дәмханадағы тамақ өнімдерінен, ауыз судан,  шайындылардан сынама алынып, микробиологиялық зерттеуге жіберілді. Тергеу барысында қоғамдық тамақтандыру орнының күнделікті жұмыс істемейтіні, тек банкеттік іс-шаралар өткізетіні анықталды. Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері  нысан қызметін тоқтата тұру, сондай-ақ оның қызметкерлерін жұмыстан уақытша шеттету туралы қаулы шығарды. Жаппай улану дерегі бойынша Арқалық қаласының әкімдігі мен құқық қорғау органдарына хабарлама жолданды. Полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр. Оның нәтижесі қосымша хабарланатын болады», деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.

Қостанай облысы